Өнегелі із қалдырған

Əрбір тірі пенде үшін өзі адам болып келген дүниеден сол адамдық қалпына дақ түсірмей өтуден артық қандай мақсат, қандай арман болуы мүмкін?! Бұл өмірден үлкеннің алдында інілік ізетін бұзбай, кішінің алдында ағалық келбетіне кір түсірмей өткен Əнуарбек ДОСЖАНОВ ағамыздың да соңында ізгілікті істермен өрнектелген ғұмырының өнегелі ізі қалды.

Əнуарбек Досжанов кім еді? Əңгімені əуелі содан бастаған жөн шығар. 1932 жылы, 10 наурызда Ұлытау ауданына қарасты Аралтөбе ауылындағы Досжан Мəнібайұлы мен Бибіғайша Жұмашқызының шаңырағында тұңғыштары дүниеге келген еді. Ел жиылып, шілдеханасын жасап, азан шақырып Əнуарбек деп ат қойылды.
Сол Əнуарбек ер жетіп, Сарлық ауылындағы мектепті бітіріп, 1952 жылы Қумола станциясында кезекші болып еңбек жолын бастады. Қумолада нағашысы Алтынбектің үйінде жатып жұмыс істеді. Еңбекпен есейген ол ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында Қарсақбай мыс заводының теміржол цехына қарасты вагон жөндеу бөлімшесінің, құю-механикалық цехының, тұрғын-үй коммуналдық белімінің басшысы, Жезді аудандық сауда бөлімінің шаруашылық есептегі №14 дүкенінің директоры кызметтерін атқарды. Қызметтес достары мен ағайынның арасында өте беделді, сыйлы болды. Қолынан іс келетін шеберлігі де бар еді. Киіз үйдің шаңырағын қолдан иіп жасаған кездері де болған. Аңшылығы жəне бар. Көздегені қате кетпейтін мергендігі көпке мəлім-тін. Қарсақбай мыс зауытының директоры Кадір Мəткеновпен катар қызметтес, сыйлас болды.

Көнекөздердің əңгімесіне қарағанда Əнекең балуан да болған сыңайлы. Ол сондай-ақ, қолына қалам ұстап, мерзімді баспасөзге мақала да жазып тұрыпты. Кезінде республикалық «Социалистік Қазақстан», аудаңдық «Октябрь туы» газеттерінің штаттан тыс тілшісі ретінде құрбыластары, ауылдастары жайлы ой толғап, бірқатар келелі мəселелер де көтерген екен. Əңгімеміз дəйекті болу үшін марқұм Көбейсін аға Еңсебаевтың «Мысты өңір» газетінде Қадір Мəткенов туралы жазған мақаласынан үзіңді келтіре кетейік: «…Биылғы көктемге сала Қадір ағамыздың сондағы айтқан Əнуарбек Досжанов құрдасы да қайтты. Əнекеңнің ағасы Смат қария толғана тұрып:
– Əнуарбек ініміз бар саналы ғұмырын Қарсақбайда өткізді ғой. Азды-көпті еткен еңбегі де еленбей қалған жоқ. Сол қарашаңырақтан азаматымыздың туыс-туғандары, жора-жолдастары мына ауа райының қолайсыздығынан жаназаға келе алмай қала ма деп қауіптеніп едік, шүкір, Қарсақбайдан да жақындарымыз өз арыстарына бір уыс топырақ салуға келді. Оларды бастап келген зауыт директоры Қадір Мəткенұлына алғыс айтамыз, – деді.
Əнуарбек ағаммен де көзі тірісіңде талай рет əзілдесе жүріп, бірде:
– Əнеке, сіз түйе балуан екенсіз ғой, Қадір Мəткеновтың өзін жығып кетіпсіз, – дедім оған.
Сонда Əнекең миығынан күліп:
– Қадір менен қарулы ғой.
Ол мақтануды жаны сүймейді. Құрдастарының бəрін шетінен жыққаннан гөрі біреуінен жығылуы керек қой. Сондай оймен таңдағаны мен болдым. «Əнуарбек Қадырмен күресіп, оны жығып кетіпті» деген лақапқа ешкім сенбейтінін, əрине, ол біледі, – деді Əнекең.
Ал Қадір ағам болса: «Əнуарбек бойына қарамай қарулы еді, біз күрескенде бірде мен, бірде ол «итжығыс» болып, бірімізді-біріміз ала алмай жүретінбіз. Көбіне ол жығатын» дейді.
Енді екі жақсының қайсына сенеміз. Бұл жерде анық нəрсе біреу. Ол – екеуінің де қарапайымдылығы. Ал, мұның өзі екінің біріне дари бермейтін қасиет. Сол Əнуарбекті жерлеу рəсімінде айтылған аға алғысын жұрттың бəрі іштей қайталаған шығар. Шығар емес-ау, тап солай…» деп жазады Көбейсін аға көсілтіп.

…Иə, қазыналы қарашаңырақ – Қарсақбайдың топырағы талай адамды өсіріп, талай адамды елге танытты. Бірінің атақ, абыроймен даңқы шықса, енді бірі қарапайым еңбегімен, күнделікті күйбең тірлігімен жүріп-ақ елге үлгі боларлық өнегелі істер қалдырды. Əнуарбек Досжанов осының соңғысына жататын жан еді. Барлық саналы ғұмырын туған жерінің өсіп-өркендеуіне жұмсаған жан жайлы Қарсақбайдың қай тұрғынынан сұрасаңыз да тек жылы лебіз айтары анық. Əттең, соны дер кезінде елге жария ете алмай қалғанымыз жасырын емес. Үнемі кешігіп жүреміз де, кейін өкінетініміз бар. Жақсы адамдар туралы көзінің тірісінде жазып, мерейін асқақтатуымыз керек еді ғой. Бірақ, жақсылар жайлы мақаланы кейін осылай естелік түрінде жазып жатамыз. Күнделікті күйбең тіршілікпен жүріп, мынау өмірді мəңгі бітпейтіндей сезінеміз. Арсыз ажал ортамыздан жақсыларымызды алып кеткенде ғана барып, Мұқағалиша: «…Өмір дегенің бір күндік сəуле екен ғой» – деп, аһ ұрамыз.
Мен өзім Əнуарбек ағаны ең алғаш 1983 жылдың көктемінде көрген едім. Сол жылдың мамыр айының соңында Қиыр Шығыс əскери округінде азаматтық борышымызды өтеген бір топ жігіт осы Қарсақбай кентіне келдік. Алып келген Əнуарбек ағаның ұлы – Сырымбек Досжанов. Бəріміз бір бөлімде, бір ротада болған едік.
«Пазик» автобусы еңселі, ақ шатырлы үйдің алдына тоқтағанда бізді Сырымбектің туған-туысқандары күтіп тұр екен. Ішінде Əнуарбек аға да бар. Қысыңқы көздерінен айналасына əрдайым жылылық шашырап тұратын, еңсесі биік, бүкіл болмысынан өзіне ғана тəн бекзаттық сезілетін осы бір кісі маған елден ерекше болып көрінді.
Кейін білгенімдей, ол кісінің солай болуы тиіс те екен. Өйткені ол кісі табиғат қалай жаратты – сондай қалпында келе жатқан адам, бойында титтей де жасандылық жоқ. Артық əңгіме айтпайды, айтса ешкімге жалтақтамайды, лауазымдылардың қай жағынан шығып қаламын демейді, қиып түсер қылыштай турасын айтады. Біреулерге қатал көрінеді, біреулер қырсық-қыңыр деп ойлайды. Сондай мінезінен жұрттың бəріне жаға бермейді, табанының бүрі жоқтар ол кісіден сескеніп тұрады, тіпті, оны ұната қоймайтындар да жоқ емес. Өйткені ол кісі – «Əлемді құтқаратын сұлулық емес, шындық» дейтін ұстанымның адамы.
Əнекең қай қызметте де жас кезінен бойына сіңген жауапкершілік пен тəртіп дейтін ұғымдарды бір сəт ойынан шығарған жоқ, өзі де тыным таппайтын, өзгелерге де тыным бермейтін. Жоғарыдан түскен нұсқаумен емес, өз ойынан туған инициативамен жұмыс жасағанды ұнататын. Онысынан кейде таяқ та жеп жататын. Бірақ сол мазасыз істерінің игілігін елі көрді. Жұмыс жоқ жерде жұмыс тауып алып жүретін азамат кешегі кеңестік дəуір кезіндегі қоғамдық жұмыстардың бəрін атқарды.

Туған жердің патриоты деген атқа лайық бір адам болса, оған осы Əнекең лайық десек, артық айтқандық болмас. Əшейін, реті келген соң айтыла салатын қызыл сөз емес бұл. Шындығында солай. Ел мен жерге деген перзенттік сезімі оның қолына қалам да ұстатып, Қадір аға айтқандай кесек-кесек ойлар мен өзекті мақалалар да жаздырды.
Хакім Абай: «Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» дейді. Демек, адамның жақсы адам болуына ықпал ететін, ең алдымен, өзінің ата-анасы, одан кейін жүрген ортасы, алдындағы аға-апалары болса керек. Əнуарбек аға Досжановтың да ата-анасы, бірге туған бауырлары, өскен ортасы Абай айтқан осы пайымға сай еді. Бойына солардан көрген жақсы қасиеттерді ғана сіңіріп өскен Əнуарбек Досжановтың өзі де айналасына жарық түсіріп, сəуле шашып жүретін жанға айналды. Осылайша артында өшпейтін өнегелі із қалдырды.

                                        Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.