Өндіріспен байланыс — уақыт талабы
Ел экономикасының тірегі өндіріс болуы тиіс. Қазақстан өндіруші мемлекет болған жағдайда ғана ел еңсесін көтереді. Қазір Үкіметтің басты міндеті – халықтың әл-ауқатын арттыру, еңбек етуге қолайлы жұмыс орындарын ашу. Осы мақсаттағы жұмыстар аудан төңірегінде де жүріп жатыр. Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Мақсұт ОСПАНОВ, ауданның кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Гүлнар АУҒАНОВА, Сарысу селолық округінің әкімі Сәтжан ҚҰРМАНБАЕВ «Форпост» ЖШС-нің жұмыстарымен танысып, еңбек ұжымымен кездесу жүргізді.
«Форпост» ЖШС негізінен алтын өндірумен айналысады. Серіктестік ай сайын 4000 тонна көлемінде табиғи пайдалы қазба байлығын өндіріп, теміржол желісі арқылы Қостанай облысындағы фабрикаға жеткізеді. Қазба байлықты сол жерде өңдеп, алтын валюта қорын молайтуға өз үлестерін қосуда.
Бүгінгі күні кен орнына дейін баратын көтерме тасжолын салып, оны тиісті деңгейде ұстап тұруға ерекше көңіл бөлетіндігін жолдың сапасына қарап бағалауға болады. Бірнеше өндіріс нысандардан тұратын кең орнында екі вахтада 350-ге жуық адам жұмыс жасайды.
Кен орнының директоры Батырбек Серік жұмысшылармен болған кездесуде олардың алатын еңбек ақыларының көлеміне, оны уақытылы алатындығына және жұмыс жасау үшін барлық жағдай жасалғандығы туралы айтты. Ұжым жұмыскерлері биылғы жылдан бастап еңбек ақылары 10-15 пайызға өскендігіне ризашылықтарын білдірді. Сонымен бірге әлеуметтік көтермеақы ретінде отбасындағы қуанышты, басқа да жағдайларға қосымша ақшалай көмек беріледі екен. Жұмысшылар қауымының серіктестік басшылығына ешқандай арыз-шағымдары жоқ.
Кездесу барысында еңбек ұжымында кәсіподақ ұйымын құру (әкімдік, кәсіподақ ұйымы, жұмыс беруші тарапынан) үш жақты келісім шарт жасау қажеттілігі туралы айтылып, бұл жұмысты орындаудың уақыты келісілді.
Сонымен қатар кездесуде Қарағанды облысы 2022 жылдан бастап жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аудару бағдарламасына енгендігі жайында сөз қозғалып, оның шарттарымен еңбек ұжымы жан-жақты таныстырылды. Аталмыш ұжымда негізінен еліміздің оңтүстік өңірінің азаматтары жұмыс істейді. Осы азаматтар аудан көлеміндегі елді мекендерге көшіп келген жағдайда, оларға үкімет тарапынан жеңілдіктер, мүмкіндіктер бар екені айтылды.
Ұлытау ауданының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі.