Назарда – мемлекеттік қызмет көрсету сапасы
Ауданымызға жұмыс сапарымен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Берік АХМЕТОВ келіп, аудан әкімдігінде мүдделі тараптар өкілдерімен кездесті.
Жиынға «Азаматтарға арналған үкімет» Қарағанды облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Гүлмира Сүлейменова, аудандық мәслихаттың хатшысы Аманжол Мырзабеков, аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімінің аппарат басшысы, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы, аудандық Қоғамдық кеңестің мүшелері және басқалары қатысты.
Жиында аудан әкімі аппаратының басшысы Ержан Дәуітбаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру аясында Ұлытау ауданының әкімдігінің атқарып отырған кешенді жұмыстары жөнінде баяндады. Баяндамаға сараптамалық тұрғыда мән берген Берік Ахметов мемлекеттік қызмет көрсетуді ұйымдастыру, мобильді топ өкілдерінің жұмыстарын кесте бойынша атқаруы, электронды жүйені жетілдіру, мемлекеттік қызмет көрсету бұрышы жұмысын ұйымдастыруды ширату және басқа да бағыттар бойынша нақты ұсыныстар берді.
Кездесу барысында аудандық Қоғамдық кеңестің мүшелері Әлімбек Жандарбеков пен Шаяхмет Үмбетов қаралған мәселеге қатысты өз пікірлерін білдірді.
Сонымен қатар, Берік Ахметов Президенттік жастар кадрлық резерві бойынша ауыл жастарымен кездесу өткізіп, түсіндірме жұмыстарын да жүргізді.
Сапар соңында аудан әкімдігі ғимаратында орналасқан фронт-офис, халыққа қызмет көрсету орталығында болып, атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты. Қызмет тиімділігіне оң баға берді.
Жасұлан АЯШЕВ