Назарда – дамудың басым бағыттары

Мемлекет басшысының жаңа Жолдауы, сөздің шынайы мағынасында, жаңғыру мен жасампаздық жолы. Мен бұл кесімді пікірді өзімнің жеке бағамдауымның жетегінде ғана емес, жылдың басты құжатын қатар отырып бірге тыңдаған, өмірдің сан өткелегінен өткен қариялар қауымының ортақ тұжырымы ретінде айтып отырмын.

Қазір тың технологиялар қолданысқа еніп, сол бағытта алпауыт елдер өзара бәсекеге түскен заман. Дәл осы тұрғыдан алып қарастырғанда Қасым-Жомарт Кемелұлының «Қазақстан цифрлық дәуірде артта қалмауы керек. Біз цифрландыруды елдің тұрақты дамуы мен қауіпсіздігінің басты кепілі ретінде қарастыруға тиіспіз», – деген сөзі қос қолды көтеріп қолдауға лайықты ұстаным.
Осы бағытта Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру және «Цифрлық кодексті» қабылдау жөніндегі ұсынысы – елімізді жаңа өркениет деңгейіне көтеретін шешім. Ол сонымен қатар, мектеп бағдарламасына арнайы пән ретінде жасанды интеллект негіздерін енгізіп, жасөспірімдерді жаңа технологияларға бейімдеуді басты міндеттердің бірі ретінде алға шығарды.
Бұдан тысқары, Президент инвестициялық саясатты қайта қарау қажет екенін қадап айтты. «Бізге шикізатқа тәуелділікті азайтып, өңдеу өнеркәсібі мен жоғары технологияларға басымдық беру қажет. Инвестиция тартуда жаңа кезең басталуы тиіс».
Ұлттық қорды тұрақты даму құралы ретінде пайдалану, цифрлық активтердің мемлекеттік қорын құру және цифрлық теңгенің қолданысын кеңейту – Қазақстанның жаңа экономикалық модельге бет алғанының айғағы.
Президент аймақтардың дамуына ерекше мән берді. «Әкімдердің жауапкершілігін арттыратын инвестициялық тартымдылық индексі енгізіледі. Бұл – аймақтардың шынайы даму көрсеткіші болмақ», – дегені көңілге сенім ұялатты.

Серік БАЙМАҒАНБЕТОВ,
Ұлытау аудандық Қоғамдық
кеңесінің төрағасы.