Наурыз мерекесі кеңінен тойланды
«Бейбіт елдің халқы бақытты» деген рас. Бірлігі мызғымас кемел елміз. Соның арқасында əр таңымыз арайлап атып, əр күніміз берекеге толы болып келеді. Осындай бірлік пен ынтымақтың арқасында Ұлытау өңірінің жұртшылығы да жыл басы, Ұлыстың ұлы күні – əз Наурыз мерекесін арқажарқа тойлады. Аудан орталықтарын айтпағанда, əр ауылда, тіпті əр аулаларда кигіз үйлер тігіліп, жұртшылық мəз-мейрам болысты…
Əз Наурыз мейрамы қарашаңырақ Қарсақбай кентінде де бар сəн-салтанатымен өтті. Оған Қарсақбай кенті мəдениет үйінің мамандары мұрындық болды.
«Қош келдің, əз Наурыз» деп аталатын мерекелік бағдарлама «Асыл əжем» ансамблінің əн шашуымен ашылып, Қыдыр ата батасын берді. Бұдан соң, кент əкімі Асылхан Əлімсейт кент тұрғындарын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтады.
Бұл күні мереке думаны бірімен-бірі астасып, елге қуаныш пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сондай бір айшықты шара – «Жақсы келін – ырысың» деп аталатын келіндер сайысы болды. Сайысқа кенттегі мекемелерден 5 келін қатысты. Олар 5 кезең бойынша өзара бақ сынасты.
Келіндер сайысының қорытындысы бойынша «Балдəурен» балалар бақшасынан қатысқан келін – Қымбат Өтепбергенова Бас жүлдені қанжығасына байласа, Металлургия зауытынан қатысқан келін – Ақнұр Жəрдем І орынға, №15 орта мектептен қатысқан – Қаршыға Əбілқасым ІІ орынға, Спорт кешенінен қатысқан – Дария Түсіп ІІІ орынға ие болды.
Наурыз думаны қашаннан берекелі дастарханымен ерекшеленеді ғой. Бұл жолы да алаңда ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, даламыздай дархан дастархан жайылып, үсті наурызкөже мен ұлттық тағамдарға сыңсып тұрды. Кент тұрғындары мен қонақтарына наурыз көже таратылып, дастарханнан дəм ұсынылды. Кигіз үй маңында қазан асылып, сүрі ет пісірілді. Ақ самаурындар қайнап, иісі бұрқыраған шай да берілді.
Мереке қызығын ұлттық спорт ойындары кіргізіп, елдің делебесін қоздырды. Балалар асық атып, арқан тартысты, тіпті лақ көтеріп күшін көрсеткен балалар да болды. Білекті жігіттер қол күрестіріп, кір тасын көтерді. Қалы кілемде қазақша күрес өтті. Əрине, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар берілді.
* * *
Наурыз думаны Байқоңыр ауылында мүлдем ерекше өткенін айтып өту лəзім. Мұнда ауылдың бас көшесіне қаз-қатар киіз үйлер тігілді. «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын» дескен ауыл жұртшылығы күн көтеріле осы ақшаңқан үйлі ауылға жиналды. Əжелер шашу шашып, балалар мəре-сəре болысты.
Қыдыр бабаны атқа отырғызып, орталарына алған ауылдың үлкендері бас көшемен шерулей жүріп тойлы ауылға атбасын тіреді. Қыдыр баба елге батасын беріп, жақсылықтар тіледі. Ауыл əкімі Шəріп Бекетов ауылдастарын əз Наурыз мерекесімен құттықтады.
Бұдан əрі той қызығы жалғасып жатты. Сахнаға шыққан ауылдың өнерлі өрендері əуелете əн салды. Олардан сақа əншілер де қалыс қалған жоқ. Ауыл тұрғындары мен қонақтарының құлақ құрышын қандыра əн салды. Киіз үйлерде қазақы дəстүрмен дастархан жайылып, дəм тартылды. Наурызкөже мен бауырсақ таратылды. Алтыбақан теуіп, əн салды. Балалар асық атса, ауыл жастары арқан тартысып күш сынасты.
«Күш сынасты» дегеннен шығады, мерекенің сəнін ұлттық ат спорты кіргізді. Ауыл сыртындағы бəйге төбеде тай жарысы мен құнан бəйге өтті. Желмен жарысқан жануарлар да Ұлыстың ұлы күнінде өз бақтарын бір сынап қалды. Ауыл ақсақалдары бата берген соң бірбірімен құйрық тістескен жүйріктер желдей есіп, жүйіткіді. Жанкүйерлердің «қиқулаған» дауысынан делебесі қозғандары құлақтарын алға ұмтылып, мəре сызығын кесіп жатты.
Бəйгенің қорытындысы бойынша құнан бəйгеде Жасұлан Махатов бірінші орынды, Қадыр Əбдіғазы екінші орынды, Ғабдысаттар Есмағанбетов үшінші орынды иемденсе, тай жарыста Ерболат Досжановтың (І орын), Бекарыс Бектұрсынұлының (ІІ орын), Дархан Тұрмағанбетовтың (ІІІ орын) бағы жанды. Мəре сызығын төртінші болып кескен Жақсылық Мейрамбекке ұйымдастырушы Ази Еркебұлан арнайы жүлде берді.
Жалпы, Наурыз думанын тойлауға ауыл əкімі Шəріп Дастанұлы мұрындық болып, оны күллі ауыл қолдады. Ауылдың əр тұрғыны демеушілік жасады. «Бірлігі бекем ел озады» демей ме, дана халқымыз. Берекесі мен татулығы жарасқан ауылдағы Наурыз тойы осылайша ерекше өтті.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ