Нақты тапсырмалар берілді

Өткен аптада өңір басшысы Дастан РЫСПЕКОВ ауданымызға жұмыс сапарымен келді. Көктемгі су тасқынына қарсы шараларды бақылап, нақты тапсырмалар жүктеген аймақ басшысы алдын алу шараларын жолға қоюды тапсырды.

Облыс əкімі өз жұмыс сапары барысында ең əуелі су басу қаупі жоғары елді мекендерді аралап, жүргізіліп жатқан жұмыстарды бақылап, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берді. Тексеру барысында əкім қабылданып жатқан шаралардың тиімділігіне назар аударып, жұмыс қарқынын арттыруды талап етті. Жезді өзенінің 2 шақырымдық аумағында жүргізіліп жатқан санация жұмыстарын өңір басшысы жағалауларды нығайтуды жəне су өткізу жүйелерін ретке келтіру бойынша тапсырмалар берді. Барлық жұмыстар екі апта ішінде толық аяқталуы тиіс.
Дастан Адайұлы сондай-ақ «Жезқазған–Петропавловск» республикалық маңызы бар автожолының қазіргі жағдайымен танысты. Оның Жезқазған–Ұлытау учаскесіндегі жөндеу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Сол сияқты, Ұлытау облысы бойынша «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ филиалының басшылығына жолдардың жай-күйін тұрақты бақылауда ұстап, қар тазалау жұмыстарын күшейту жөнінде тапсырма берді.
Облыс əкімі бұдан соң Шеңбер ауылына баратын жолмен жүріп өтіп, автожолдың жағдайын тексерді. Қардан толық тазартылмаған жол учаскелерін қысқа мерзімде ретке келтіру жəне тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау тапсырылды. Сонымен қатар, Қаракеңгір, Алғабас, Малшыбай ауылдарындағы көпірлердің техникалық жағдайы тексерілді. Анықталған ақауларды жедел жою жəне су өткізу арналары мен дренаж жүйелерін тазарту жұмыстарын жеделдету жөнінде тапсырмалар берілді.
Аталған жұмыстардың орындалуы облыс əкімінің жеке бақылауында болады. Екі апта ішінде қайта тексеру жүргізіліп, жұмыстардың барысы бағаланады.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.