МЫҢНАН АСА КӘСІПКЕР БОРЫШКЕРГЕ АЙНАЛДЫ

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға айма-ай жарна аудармайтын кәсіпкерлердің саны Ұлытау облысында күрт артты. 2023 жылғы маусымда борышкерлер қатарындағы 907 кәсіпкердің саны шілдеде 1017-ге жетті. Бұл жөнінде Қордың Ұлытау облысындағы филиал директоры А.Бердыбеков мәлімдеді.

МӘМС бойынша берешегі бар жеке кәсіпкерлерге төлемнің күнін қосқандағы әрбір кешіктірілген күн үшін 1,25% көлемінде айыппұл салынады. МӘМС бойынша негізгі қарыз бен өсімпұлды өндірумен мемлекеттік кірістер басқармасы айналысады.
Егер жеке кәсіпкер жарналар мен аударымдарды төлеуден жалтарса, онда ол ӘҚБтК-нің 92-1-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Жұмыс берушілердің, жеке кәсіпкерлердің, жеке нотариустардың, жеке сот орындаушыларының, адвокаттардың, кәсіби медиаторлардың МӘМС-ке аударымдар мен жарналарды төлемеуі , уақтылы немесе толық төлемеуіалғашында ескерту жасауға әкеп соғады. Бір жыл ішінде қайталап бұзушылық орын алған жағдайда төлемеушіге айыппұл салынады. Айыппұл көлемі шағын кәсіпкерлік субъектілеріне төленбеген МӘМС жарналар сомасының – 20% мөлшерінде; орта кәсіпкерлік субъектілерінде – 30% мөлшерінде; ірі кәсіпкерлік субъектілерінде – 50% мөлшерінде.
Естеріңізге сала кетсек, 2023 жылы жеке кәсіпкерлер МӘМС үшін ең төменгі жалақының 1,4 еселенген мөлшерінің 5%-ын немесе ай сайын 4 900 теңге төлейді.
Жеке кәсіпкерлер төлемерді екінші деңгейдегі банктің кез келген бөлімшесі, оның ішінде мобильді қосымшалар арқылы, сондай-ақ «Қазпошта» АҚ, өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары «Касса 24» арқылы аударады. Төлем коды – 122.
Жарна төлеу бойынша сұрақтарыңыз болса Қордың 1414 бірыңғай байланыс орталығына хабарласуға немесе Жезқазған қаласы, Ғ.Омаров көшесі 7 үй (2 қабат, 2 кабинет) мекенжайындағы мамандар көмегіне жүгінуге болады.

Өз тілшімізден.