Үміткерлер көңілге сенім ұялатады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ өзінің халыққа арнаған екі Жолдауында елдің одан әрі қарыштап дамуының ұтымды тетіктерін айқындап берді. Демек, әрекет ету бағыты – белгілі, мақсат пен мүдде межесі – айқын. Атқаршы билік құрылымдарының алдында мейлінше нақтыланған ауқымды міндеттер тұр.

Алдағы ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауы қорытындысымен мандат иеленетін тұлғалардың осы үдеріске белсене араласып, сайлауалды бағдарламаларында алған міндеттемелерін орнықты іске асыруға білек сыбана кірісуі – азаматтық ұстаным өлшемі. Қай деңгейдегі депутаттан болсын, қарапайым халықтың күтері – нәтижелі қызмет атқаруы мен өздері күмәнсіз пейілмен артқан сенімдерінің ақталуы.

Партияішілік праймериз барысында бой көрсеткен белсенділік жалқы сәтке бәсеңдемеуі тиіс. Өз басым соның айқын көрінісін күні кеше ғана «Nur Otan» партиясы Ұлытау аудандық филиалының кезектен тыс XXVI конференциясында Парламент Мәжілісі мен Қарағанды облыстық мәслихатының депутаттығына үміткерлер арасында өткен пікірсайыс кезінде айқын аңғардым. Шынында да, қалың топтың ортасынан іріктеліп шыққан, қоғамға айтары бар, азаматтық ұстанымдары мығым азаматтардың танымының тереңдігі, біліктілік деңгейінің биіктігі, кез келген түйкілді мәселені тамырынан тарта зерделей білуі мен олардың түйінін тарқатуға қатысты ой-жоспарлары көңілге сенім ұялатты.

Қысқаша қайырып түйіндесек, алдағы сайлауда бәсекеге түсіп, бағын сынайтын тұлғалардың депутат мандатын иелене қалса, өздеріне сенім артқан елді жерге қаратпасы анық. Қалың бұқараның олардан күтері де осы.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ,

«Ұлытау аудандық «Ұлытау» газетінің редакциясы» ЖШС

директоры – бас редактор.