Өмірі ұрпағына үлгі болған жан аға
Аққан дарияда тоқтау болмайтыны секілді тірі жанның өмір көші де үзіліссіз алға жылжи береді, жылжи береді. Осы бір ешқандай күш тоқтата алмайтын, көзге көрінбейтін бұл нөпір қозғалыс кезінде бір ұрпақты, бір ұрпақ алмастырып жататыны табиғи құбылыс. Мұны көнекөз қарияларымыз – «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» – деп екі-ақ ауыз сөзбен баяғыда-ақ тұжырымдап тастаған. Терең мағыналы не деген даналық сөз десеңізші!
Біз кезінде іні болып соңына ерген, еліктеген, тік тұрып қызмет еткен, өз заманының білікті де білімді, қайратты да қайсар, адамгершілігі мол, алып тұлғалы, еліне танымал, сыйлы азамат – Әуезхан Мұсабайұлы ағамыздың мына жарық дүниенің шыр етіп есігін ашқанына бір ғасыр, азды-көпті саналы ғұмырында сыйласдәмдес болған досжарандарымен, туыстуғандарымен қош айтысып, бақылдасуға да мұрша бермей, Жаратушының пәренімен мына жарық дүниеден озғанына жиырма жылдың жүзі болып қалыпты.
Оның кіндік қаны Ұлытау тауларының батыс баурайында жатқан Досан елді мекенінде тамған. Жастық шағы өте қиын жағдайда өтті. Бұл кез Кеңестік өкіметтің байманаптардың малын тәркілеп, Қазақстанды жаппай ашаршылыққа ұшыратқан, соның салдарынан төрт миллион қазақтың қырылуына әкеп соққан голощекиндік геноцидтің қызған шағы болатын. Халық ішерге ас, киерге киім таппай босып кетті. Қазақ қашанда тәубәшіл халық қой, сол уақытта даланың зорманын аулап күн көрген қазақ соны да қанағат тұтып, тәуба дейтін. «Алла қазақты өлтірмес үшін зорманын жіберді» – деп ризашылығын білдіріп жататыны ел есінде. Осы алмағайып шақта Әуезханның бәлиғатқа толмаған Жұбат ағасы мен кішкене қарындасы Қадиша бірінен кейін бірі бір айдың мұғдарында көз жұмды. Көмір шахтасында ауыр жұмыс істеп жүрген әкесі мен оның ағасы Оразбек опат болды. Жастай жетім қалған баланың күнкөрісі қиындай түседі. Ер жетіп келе жатқан кезде күнкөрісі қиындаған Әуезханды Дәуренбек, Ізмағанбет ағалары қамқор болып №4 шахтаға, көмір тасушы-лебедшік етіп жұмысқа тұрғызды. Осы кезді ол былай деп еске алатын:
– Байқоңыр көмір кеніші ашаршылық кезінде талай қазақ баласын өлімнен құтқарып қалған құт мекен. Соның бірі менмін. Шахтадағы жұмыстың ең ауыры 160170 метр тереңдіктегі забойға баспалдақпен түсу еді. Клетті десятник пен бастықтар ғана пайдаланатын, басқаға рұқсат жоқ. Клетті төмен түсіріп, жоғары шығаратын көзі көлегейлеп жабылған, арнайы жаттықтырылған ат еді. Шахтадағы көмірқышқыл газ тұншықтырып, жұмыс істетпейді. Бірде клеттегі стволовой мені аяп клетпен жоғары шығарды. Сол жерде шахта бастығы кездесіп қалғаны бар емес пе? Әлгі жатып тұрып стволовойды боқтасын. Жетпіс жеті әкесі де, барлық үрімбұтағы да кетті, онымен қоса мен де біраз сыбағамды алдым. Менің жастығыма, буынымның қатпағанына қарап жатқан ешкім жоқ. Шахтаның астына түстің бе, қолыңда күрек, тиегенің көмір. Жер астынан қапқара болып шығасың. Өстіп итшілеп күн өтіп жатқанда фашистік Германия тұтқиылдан бейбіт жатқан елге шабуыл жасады. Бұл хабар байқоңырлықтарды алғашында абыржытып тастады. Суық хабар елге тез тарады. Ер азаматтар майданға алынды. Кәсіпорын соғыс жағдайында жұмыс істеу кестесіне көшірілді. Жезқазған мен Қарсақбайға, сол секілді осы өңірдегі басқа да елді мекендерге қажетті көмір өндіретін кәсіпорында жұмыс қарқыны еселеп артты…
Комсомолға өту үшін жасына жас қосып алған Әуезхан да ел басына осындай қатерлі күн туғанда басқыншы жаудан Отанын қорғауға аттанды. Қарсақбай, Жезді, Ұлытау өңірінен жиналған болашақ жауынгер жастар Қарағанды қаласында топтастырылып, одан әрі Ресейдің ішкі жағына күндізтүні жөнелтіліп жатты. Байқоңырлық жігіттер тиелген эшалон Мәскеу түбіне келіп бірақ тоқтады. Осы жерде Әуезхан Мұсабаев ең алғашқы рет әскери киім киіп, Қызыл Армияның жауынгері атанды. Мектепте әскери дайындықтан өткені, дене шынықтыру сабағында жүгірумен және спорттың басқа да түрлерімен шұғылданғаны пайдаға асты. Басқалардай емес Макаров пистолетін, винтовканы бұзуды, жинауды тез үйренді. Оның ептілігін байқаған взвод командирі Дегтярев қол пулеметін беріп, атуды үйретті. Осында оқужаттығу мерзімі ұзаққа созылыңқырап кеткесін бойдағы жастықтың қызуының әсері де болар, тезірек соғысқа кіруді өздерінше қызық көріп жүрген бір топ жас: «Бізді тезірек алдыңғы шепке жіберіңдер, Отанымызды жаудан қорғауға үлес қосамыз, алдыңғы шепте бауырларымыз жау қолынан қаза тауып жатқанда біз осылай тылда отырамыз ба?» – деп бөлім командиріне хат жолдады. Алайда дивизияның саяси бөлімінің бастығы И.М.Федоров деген полковник келіп, жастардың алдыңғы шепке сұранғаны дұрыс екендігін айта тұрып, «сендер асықпаңдар, кімді, қайда, қашан жіберетінін жоғары басшылық біледі. Сендердің міндеттерің әскери тәсілдерді жетік меңгеру. Сендер шайқаста жауды жойыңдар, бірақ өздерің жарақаттанбаңдар, оның жолы, аман қалудың тәсілі осы жаттығуда, осында алған білімде», – деді.
Көп ұзамай құрамында қызыл әскер Әуезхан Мұсабаев бар жаяу әскер полкі алдыңғы шепке жөнелтілді. Жас жауынгер полк құрамында Сталиногорск, Донской қалаларын жаудан азат етуге қатысты. Жаумен шайқаса жүріп, взводтағы, ротадағы қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысып жүрді. Осы белсенділігі үшін оны комсомол ұйымының хатшысы етіп сайлады. Жауынгерлер арасында саясибұқаралық насихат жұмыстарын жеткілікті дәрежеде жүргізгені үшін ең алғаш рет ВЛКСМ Орталық Комитетінің Құрмет грамотасымен наградталды. Мұнан кейін жауынгерпулеметші екінші Белоруссия майданының құрамында Житомир, Гомель, Борисов, Жлобин секілді қалалар үшін болған шайқастарға қатысты. Ұлы Жеңіс күнін Польшаның астанасы Варшавада қарсы алды. Соғыс кезінде өзі құрамында болған дивизияның ісқимылы жөнінде Әукең ағамыз өз естелігінде былай деп жазыпты:
– Осы кезде Батыс Украина мен Белоруссияның ормантоғайларында жасырынып жүріп партияСовет, комсомол қызметкерлерін өлтіру жағдайы орын алды. Кейін немістер осы мақсатты жандандыру үшін арнайы әскери құрамалар жасақтап, оны қаружарақпен жеткілікті дәрежеде қамтамасыз етіп ашық соғысатын болды. Біздің дивизия жауынгерлеріне осы бендерашылармен белсене күресіп, олардың көзін жоюды жүктеді. Осындай бір шайқаста аяғымнан қатты жараланып, орманда естүссіз көп жатып қалыппын. Қанша уақыт жатқанымды, қайда жатқанымды білмеймін, әйтеуір бір уақыттарда есімді жисам соғысқа дейін қалалық аурухана болған Минск қаласындағы емханада жатыр екенмін. Госпиталь бастығы академик Григорий Адамович пен оның орынбасары профессор Петр Богдановичтің айтуынша, уланған оқтан жараланыппын. Жара асқынған тәрізді, бірақ, маған оны ешқайсысы айтпайды. Тырдай жалаңаш денеме марганцовка және басқа да езілген әртүрлі дәрі қосылған сұйыққа простыняны малып алып, мені сонымен орап тастайды. Орайтын Дуся апай дейтін бұжыр бет, мұрны пұшық орта жастағы әйел. Түрінің көріксіздігіне қарамай ол кісі өте мейірімді жан екен. Мені баласындай күтті және анам бар дегенде: «Не деген бай адамсың, оған тезірек барғың келсе режимді бұзба, ауруға шыда, ашуланба, тез тұрып кетпедім деп ренжіме», – деп аналық ақылын айтты. Бес жарым ай жатып емделіп, госпитальдан шықтым. Шаш пен қас жоқ. Денемнің бір қабат терісі сыдырылып, түсіп қалған, аппақ. Аяққолдың тырнағының астынан жаңа тырнақ өсіп келеді. «Суыққа ұрындырылмасын, бірекі ай демалыс берілсін», – деген дәрігердің қорытындысын алып, бөлімшемді іздеп жүріп, тауып алдым. Келсем жауынгер әріптестерім мені танымай қалды. Танығасын: «Мұсабаев с того света вернулся», – деп шу ете қалды. Қуанып та жатыр. Командирлерім дәрігер берген қағазбен танысқасын «демалыс берілсін», деп бұйрық шығарысымен елге тартып отырдым.
Елмен қауышып, екі ай тыныққаннан кейін құлан таза жазылған Ә.Мұсабаев қайтадан өз бөлімшесіне оралды. Соғыс аяқталғаннан кейін дивизияның бөлімдері соғыстың зардабынан қираған қалалардағы кәсіпорындарды, толып жатқан мәденитұрмыстық ошақтарды қалпына келтіру жұмыстарына қатысты. Беларуссияның Костовка, Гомель, Осиповичи, Бобруйск қалаларының құрылысында қазақстандық жауынгердің қолының із таңбасы қалды. 1946 жылдың күзінде ол батальонның комсомол комитетінің хатшылығына бірауыздан сайланды. Мұнда жұмыс көлемі қомақты. Жоғарыда аталған қалалардың барлығында дерлік батальонның рота, взводтарының жауынгерлері тұрды. Олардағы Әуезхан Мұсабаев жетекшілік ететін комомол ұйымының мүшелері белсенділік танытты, тапсырылған жұмыстарды өте сапалы әрі асқан жауапкершілікпен орындап отырды. Солдаттардың ынтасы артып, жұмыс көрсеткіштері де жоғарылады. Оның бұл жұмысын Мәскеуден Орталық комсомол Комитетінен инспекторлық тексеріспен келген өкілдері жоғары бағалады. Бүкілодақтық Лениншіл Коммунистік Жастар Одағының құрылуының отыз жылдығына орай Ә.Мұсабаев Одақтың Құрмет грамотасымен марапатталды.
Елден, анасынан сағынышқа толы жазылған хаттар жиі келетін болды. Онда анасы «аман-есен бол, жағдай жақсы, елге тезірек оралсаң етті», деп өтінеді. Оның сыртында айтылмай қалған үлкен сағыныш сазы жатқанын жауынгер жүрегі сезеді. Ойлап отырса шынында да елден кеткеніне жеті жылдың жүзі болып қалыпты. «Менен басқа оған сүйеу болар да ешкім жоқ. Қой бұл болмас», – деп жоғары жақта отырған командиріне әскерден босатуын өтініп рапорт жазды. Мұны естіген батальон командирі, оның саяси істер жөніндегі орынбасары және басқа да командирлер: «Бекер істейсің Мұсабаев, қызметті жақсы атқарып жүрсің, абыройсыз да емессің. Келешекте осы саланың оқуына жіберіп, әскери шеніңді жоғарылатуды да жоспарлап отырмыз», деген секілді ақыл-кеңестерін, тілектерін білдіріп жатты. Әскери атақ пен мансаптан гөрі анасының жағдайын жоғары қойған ол командирлеріне өзіне көрсеткен жоғары сенімі үшін алғысын білдірді. «Қызыл Армияның жауынгері Әуезхан Мұсабаев отбасының жағдайына байланысты Совет Армиясы қатарынан босатылсын», деген рапорт қағаз қолға тиісіменақ жолға шықты. Ол 1950 жылдың наурыз айының басында жеті жыл жеті ай дегенде туған жердің топырағын басты.
Жаумен жан алысып, жан беріскен шайқастарда көрсеткен ерлігі үшін Әуезхан Мұсабаев Бас қолбасшы И.В.Сталиннің қолы қойылған бірнеше дүркін Алғыс жарияланған Грамоталармен, «Варшаваны азат еткені үшін», «19411945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында фашистік Германияны жеңгені үшін», «Ерлігі үшін» медальдарымен наградталды. Кешегі жауынгерге осы марапаттаулардың ішіндегі ең қымбаттысы «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі. Бұл жаумен Березин өзенінен өту кезіндегі болған шайқаста көрсеткен ерліктің өтеуі еді және сол шайқаста ол алғаш рет ауыр жарақаттанган болатын.
Соғыстан оралған бетте коммунист Ә.Мұсабаев Қарсақбай аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, аудандық партия комитетінің нұсқаушы, Сарысу совхозы партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды. Алматы жоғары партия мектебін бітіргеннен кейін Әукеңнің еңбек жолы Қарсақбай мыс қорыту зауытында одан әрі жалғасты. Мұнда ол зауыт директорының орынбасары, он жыл бойы зауыт кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметінде болды. 1973 жылы Жезқазған облысы құрылғанда ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің төрағасы қызметіне сайланды. Үш жылдай облыстық тұтынушылар қоғамының төрағасы қызметін абыройлы атқарды.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін Жезқазған қалалық еңбек және соғыс ардагерлері Кеңесінің төрағасы болып, жастарды ардагерлердің өмір жолы үлгісінде тәрбиелеуде, Отансүйгіштікке баулуда қомақты үлес қосты. Қай салада қызмет атқарса да ол еліне мінсіз, абыройлы әрі адал қызмет етті. Әукең ағам елінің сыйлы азаматы еді, сонымен бірге жастардың ақылшысы, ұстазы бола білді.
Қазақстан Тәуелсіздік алған тұста ғасырлар бойы бодандықта, біреудің тепкісінде болған қазақтың жас ұрпағына Тәуелсіздік жолында жан аямай, қасық қаны қалғанша күрескен, жауға қазақтың ұлтарақтай да жерін бермей, жер астындағы ен байлықты келер ұрпаққа аманат етіп қалдырған батырларымыз бен арыстарымыздың ұмыт болған есімін ортаға қайтаруға мүмкіндік туды. Осы тұста Әуезхан ағамыз көрегендік танытып, сонау Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама кезінде жоңғарлар мен ойраттарға қарсы соғыста қыпшақ жасақтарының қолын басқарған, ұрыс даласында ерлік пен қайсарлық танытқан Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек, Есет батырлармен үзеңгілес болған, БұлантыБілеутідегі шешуші шайқаста жаужүрек қаһармандығымен көзге түсіп, халқы батыр атаған Тілеулі Әбдірахманұлының есімін ұрпақтарының ортасына қайтару мақсатында Жезқазған қаласының бір көшесін батыр бабамыздың есімімен атауды әкімдіктен сұраңдар деп кеңес берді. Ағаның ақылымен баба ұрпақтарынан қаражат жиналып мені Орынбор қаласының мұрағатына жіберді. Ұрпақтарының бірлігі, ұйымшылдығы арқасында баба рухын ұлықтау бағытында белгіленген бұл шаруаларымыз уақыт өте келе жүзеге асырылды. Батыр баба атынан қор құрылып, көше аты алынды, оның бойына сәулетті стелла орнатылды. Бабамыздың өмір жолын, қаһармандығын, ерлігін жанжақты баяндаған кітап ұрпақтарының қолына тиді.
Ұлы Отан соғысының ардагері, қоғам қайраткері, өр тұлға Әукең ағамның ақылкеңесі, өмірлік тәжірибесі жетерлік, мол еді. (Біз жастар, оның ішінде мен де бармын. Ол уақытта мен де жас едім), Ағамның осы қасиетін өзім бастамашы болған шаруамда жиі басшылыққа алып отырдым.
Атап айтқанда, 1992 жылы Ұлытау тауының баурайында қаншама ғасырлар бойы елеусіз, ескерусіз жатқан Алаштың ардақты ұлдарының бірі – көріпкел, бақсы, әулие Қойлыбайдың зиратын қамқорлыққа алып, басына кесене тұрғызуды қолға алған кезімде көп пайдаландым. Әулиеге кесене тұрғызу қарсаңында: «Сендер үлкен шаруаны қолға алып отырсыңдар, бұл дұрыс қарекет. Бірақ, оны бастар алдында әулие бабамыздан рұқсат алу қажет, ол үшін мал шалып, құран оқытыңдар», – дегесін біз айтқанын екі етпей, солай істедік. Ағамның ақылымен облыстардың газет редакцияларына хабарласып, әруақты баба туралы материалдар беріп, газеттеріне шығарттым.
Ағамыздың бойына біткен ең басты қасиет халықтың жүрегін шынайы ықыласымен, мейірімді көзқарасымен-ақ жаулап алатыны еді. «Әукең айтты, Әукең тапсырды», десең болды, қандай шаруа болса да орнына келе беретін еді. Кесене бой көтергеннен кейін төңіректегі ауылауылдың, қаланың үлкендерін шақырып, құран оқыттық. «Ақылдасып пішкен тон келте болмас» демекші, Әукең ағамның ақылкеңесімен 1994 жылы елдің түкпіртүкпіріне сауын айтып, аламан бәйге ұйымдастырып, тайпалған жорға жарыстырып, ұланасыр ас беріп, әулие бабамыздың әруағына Құран оқыттық. Астың жақсы өткендігі сондай, содан бері қанша уақыт өтсе де Ұлытау өңірінің жұртшылығы аузынан тастамай осы кезге дейін тамсана еске алуда.
Әуезхан ағаммен бір үйдің баласындай қатар жүрдік, бірбірімізге деген сыйластық, көзқарас айрықша еді. Мен ағамның отбасы қуаныштойында да, мезгілінен бұрын өмірден озған сүйікті қызы Шаһизаданың, етбауыры Алмасының, анасы Ұлыш шешеміздің қайтыс болған қайғысында ағама сүйеу болып, қайғысына ортақтасып, көңіліне демеу болдым. Оларды соңғы сапарға шығарып салу шараларын басқардым. Аяулы ағамның өзі қайтыс болғанда ақтық сапарға шығарып салу шараларын басқардым. Аяулы ағамның өзі қайтыс болғанда ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне белсене қатысып, шаруашылығына басшылық жасадым.
Міне, бүгін аяулы да, ардақты ағамның қайтқанына жиырма жыл, туғанына бір ғасыр толып отыр. Осы оқиғаға орай Әукең ағамның балалары, туыстуғандары, бауырлары ағамның құдажекжаттарының, көзкөрген жоражолдастарының, ізбасар інілерінің, ағайынтуыстарының басын қосып, құран оқытып отыр.
Ағамыздың жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын. Бір Алланың рахматына бөленсін. Кейінгі ұрпақтарына, туыстуғандарына, балашағаларына Алла зор денсаулық, отбастарына амандық, берекебірлік берсін.
Шамхан РАХМЕТОВ,
ақпарат саласының ардагері.