Өмірі өнегелі тұлға еді
Белгілі мемлекеттік жəне қоғамдық қайраткер, Ұлы Отан соғысы жəне еңбек ардагері, І дəрежелі мемлекеттік заң кеңесшісі Сейітов Өтеген СЕЙІТҰЛЫН тағы да бір еске алатын сəт келіп жеткендей. Ол бүкіл саналы ғұмырын Қазақстан прокуратурасына арнаған аса көрнекті заңгер, тұлғасы биік асыл азамат, он сегіз жыл бойы республикамыздың прокуроры болған ерекше тұлға.
Қазіргі кезеңге дейін ешбір адам осыншама мерзім республиканың прокуратурасына басшылық етпеген, осының өзінен оның сан қырлы кəсіби шеберлігі, биік парасаттылығына қоса біліктілігі, өзіне ғана тəн адами қасиеті мен өзгелерден ерекше көзге түсер қабілеті танылғандай.
Өтеген Сейітұлы Сейітов 1923 жылы 15 қыркүйекте Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Ақтоғай ауылында дүниеге келген.
Ол еңбек жолын он алты жасында Шымкент облысы прокуратурасында тіркеуші қызметінен бастаған, жарты жылдан соң Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы кеңсесінің бастығы болып жұмыс істеген.
1942 жылы майданға кетті, үш рет жараланса да, госпитальдан майданға қайта оралып отырған. Соғыстан кейін, 1945-1949 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының Келес, Сарыағаш аудандары прокуратурасының тергеушісі, кейін 1949-1951 жылдары осы облыс прокуратурасының аға тергеушісі, ал 1951-1959 жылдары республика прокуратурасының бөлім прокуроры қызметтерін атқарған.
1960 жылы Алматы қаласындағы Совет ауданының прокуроры, сосын Алматы облысының прокуроры болып жұмыс істеген.
Ал, 1962 жылы республика прокурорының бірінші орынбасары, 1966 жылы республика прокуроры болып тағайындалып, зейнет демалысына шыққанша, яғни 1984 жылға дейін, осы қызметте болған.
Өтеген Сейітов соғыстағы ерлігі мен бейбіт өмірдегі ерен еңбегі, заңдылықты нығайтудағы үлесі үшін «Қызыл Жұлдыз», І дəрежелі Отан соғысы ордендерімен, екі рет «Халықтар Достығы» орденімен марапатталған. Көптеген медальдар мен Жоғарғы Кеңес Төралқасының Құрмет Грамоталарының иегері. Бірнеше рет КСРО прокуратурасының мадақтауына ие болған. Ол Республикаға еңбегі сіңген заңгер, прокуратураның құрметті қызметкері атақтарын алған.
Аяулы ұстаз ағамыз 1997 жылы желтоқсанның 15-ші жұлдызында өмірден өтті.
Уақыт деп аталатын сəт зымырап тоқтамақ емес. Кеше ғана арамызда жүрген жандар бүгін жоқ. Жақсының өзі кетсе де, көзі кетпейді. Ақыл-парасаты мол, халықтың қамын өз басынан артық қойып, дүние-байлық жинауды мақсат тұтпаған, адамгершілік пен қарапайымдылықты қос қанатындай қатар ұстай білген Өтеген Сейітұлы өмірі бізге өнеге. Оның жарқын келбеті жылдар өтсе де жарқырап ұмытылмайды.
Ұлытау ауданының прокуратурасы.