Өмірдің өнегелі белестері
Осы шаңыраққа келін болып түскенде 19 жаста ғана едім. Көргенімнен көрмегенім, білгенімнен білмегенім көп болатын. Бұлай деуімнің себебі, бір үйдің жалғызының тұңғышымын. Атам мен апам, әкем мен анам алақандарына салып, еркелетіп өсірді. Өзімнен кейінгі сіңлілерім үй шаруасына бейім – сиыр сауады, сүт тартады, нан ашытып, пісіреді. Мені жұмсай қоймады. Тәтті-дәмдінің, жылы-жұмсақтың бәрі менің алдымда.
Еш алаңсыз бақытты балалық шағымды туған үйімде өткеріп жүріп, тағдырдың қалауымен Ахат екеуміз бас қостық. Жас келін атанған кезімде, үй шаруасына қатты мойын бұрмағандығымнан қиналған сәттерім көп болды. Тым биязы едім. Керісінше, жарықтық әжем мен тәтем – адуынды кісілер. Әжем денсаулығы сыр бергендіктен, үнемі төсек үстінде. Отбасы мүшелеріне арналған астан бөлек дайындалады әжемнің тамағы. Не әзірленсе де, міндетті түрде сүтке пісірілуі керек. Сүтті пешке қойғанымды ұмытып кетіп, күйдіріп, тасытып алатыным бар. Сондай кезде «Әй, қатын, ана тамақ күйіп жатыр» немесе «Сүт тасып кетті», – деген ескертуді де көп естідім. Алғаш рет маған «Әй, қатын» дегенде, кәдімгідей қорланып, жасырын жылап та алғанмын.
«Ойдағы үй», «қырдағы үй» дейтінбіз. Ойдағысы – біздің үй, қырдағысы – көкемдердің үйі. Шаңырағымыз бөлек болғанымен, түскі ас, кешкі ас – ойдағы үйде. Алғашқыда бөтен үй, бөтен кісілерге үйренуім қиындау болды. Сөйлемеймін, ешкіммен сөйлеспеймін Ахаттан басқа. Шайды дыбысым шықпай отырып құямын. Ауызыма тамақ салып, жеуге де ұялатынмын. Қарным ашып, ас әзірлейтін бөлмеде ешкімге көрсетпей, бір-екі тілім нан жеп алып, жүре беретінмін. Енелерім тәртіп пен тазалыққа қатты қарайтын кісілер еді. Тәтемнің біздің үйге келе жатқанын сезе қалсам, ретсіз тұрған заттарды жылдам жинастырып, ешқандай сын айтқызбауға тырысатынмын. Ескерту алған күні қарадай ұялып, іштей жабырқап жүретінмін. Сыннан қорытынды шығаруға, оны қайталамауға тырысатынмын.
Әжемнің төсегі апта сайын міндетті түрде далаға жайылады, жуылады. Өзім шомылдырамын. Киімін бастанаяқ ауыстырып жуамын, бұлжымас талап – ешкімнің киіміне қосылып жуылмауы керек.
Әжем – аса ажарлы, үстіне қылшық жуытпайтын кісі. Ақ төсектің үстінде, аппақ кимешегіне бір қыртыс түсірмей, шатырдай болып отыратын. Жастайынан бейнетті көп көріпті. Айтуынша, мал да баққан, егін орып, шөп те шапқан. Сол бейнетпен бойына сіңіп кеткен суықтың әсері шығар, аурудың зардабын көп тартты. Үйдің жылы болғанын жақсы көретін, суықты ұнатпайтын. Түнгі сағат екі-үштің кезінде тұрып, от жағамын. Айқайлап оятады: «Әй, қатын, тұр, үй суып кетті», – деп. Кішкентай қайным Қуат ұйқыға жатар алдында отынды ішке кіргізіп, дайындап қояды. Содан тұрып, от жағамын.
Көкем – ферма меңгерушісі қызметінде. Совхоздың малын ет комбинатына өткізу үшін қалаға жиі қатынайды. Ауылдағы дүкенде көкөніс, жеміс-жидек бола бермейді. Қалаға барған сайын капуста, картоп, сәбіз тасиды маған. Түннің қай уағы болса да, қаладан жеткен бетте ойдағы үйге келіп, терезені қағып тұрады. Мені «Жанбота», – деуші еді. «Жанбота, аша ғой», – деп, маған әкелгендерін қолыма табыстап, өз үйіне содан кейін баратын.
Бас қосқанымызға төрт ай толғанда Ахат әскер қатарына алынатын болды. Содан Жезқазғанға ере барып, еңіреп-жылап жүріп, поезға шығарып салдық. Қасымда Рахат марқұм бар. Сол күйімде дайын көлікпен Шеңберге кеттім. Үйге келсем, мамыр айы ғой, әжем есік алдына шығып отыр екен. Екеуміз бір-бірімізбен көрісіп жыладық. Сөйтіп отырғанда тәтем келіп қалып, екеумізге айқайды басып, ұрыссын: «Не істеп отырсыңдар, қайдағы жоқты шығарып? Қойыңдар!», – деп. Солықтап барып, басылдық-ау, әйтеуір.
Ойдағы үйде әжем, Қуат, үшеуміз ғана тұрып жаттық. Қуат мектепте 5-6 сыныптарда оқиды, әрі серігім, әрі қолқанат-көмекшім. Елгезек, ақылды. Сабақтан келген соң барлық шаруаға өзіммен бірдей жүріп көмектеседі. Әпәдемі, бетінде сүйкімді меңдері бар, өзі аппақ. «Бетінде меңі көп, әдемі қайын інің», – деп, ерекше жақсы көретін менің туыс-туғандарым да.
Көкем мен тәтемнің кенжесі Құрмет мен түскенде мектепке әлі бармаған бала еді. Айнұр – оқушы. Сағат та мектеп қабырғасында болатын.
Уақытым күн санаумен, ай санаумен өтіп жатты. Туған үйіме жиірек барғым келеді. Беймезгіл үйден шығып кете алмаймын, әжемді тастап. Бірақ бір сылтау бар – сүтке баруым керек. Содан тобатайдың (сүт құятын ыдыс) түбін аңдумен боламын, ішіндегі сүт бітсе, төркініме барамын 1-2 сағатқа сұранып. Оның өзінде есіктен кіре, ата-апам қалаберді, әке-шешем бір кесе шайды әзер ішкізеді. Сүтті құйып беріп, «Үйіңе бар, әжең жалғыз өзі, сен жоқта ауырып қалар немесе шай ішкісі келер», – деп қуғандай қылып, шығарып жібереді. Сағынышым басылып та үлгермейді. Көзімнің жасын көрсетпей бір сүртемін де, кетемін.
Бір күні осылай сүтке кеткенмін. Келсем, үйдің есігінде қара құлып тұр, кіре алмаймын. Терезеден қарасам, әжем отыр төсегінде. Маған ымдап «кір», – дейді, мен есікте құлып тұр кіре алмаймын деп ымдаймын. Не істерімді білмей тұр едім, сәлден соң тәтем келді, түсі суық, ренжулі. Есікті ашты да, «Неге жалғыз тастап кетесің әжеңді?! Мұндайды енді қайталаушы болма, бұл – саған ескерту», – деді. Содан кейін сүтке де бармай қойдым. Төркінді сағынғанның көкесі енді болды. Ара-тұра әке-шешем, бауырларым өздері соғып кетеді.
Сол жылы күзде дүниеге тұңғышымыз Еламан келді. Аспанға қарап, пошта таситын самолетті күтіп, Ахаттан хат тосумен күнімді өткізіп, жылап жүретін мен нәрестелі болған соң қиындықтың барлығын әп-сәтте ұмыттым. Жаңа өмірім басталған болатын. Екі жыл да артта қалды, Ахат әскери борышын өткеріп келді аман-есен. Қасымызда бір ай болды да, Жезқазғанға институтқа түсіп, студент атанды. Біз тағы да үйде әжемнің қасында қалдық. Ермегіміз – Еламан, соның бетіне қарап, өбектейміз де жатамыз. Тамақтандырып, әжемнің қойнына берем, іргесінде жатады. Әжем оны көкем мен тәтемнен кәдімгідей қызғанады. Тәтем таңертең ертемен есіктен әндетіп келіп тұратын. Сол баяғы ыстық үйде, әжемнің айтқаны – заң, отырамыз шыдап. Тәтем келіп ренжиді «Мына баланың өкпесі қабынады ыстықтан, апар ана салқын бөлмеге», – деп. Салқындау бөлмеге алып барамын. Тәтем кеткен соң әжем «Ана баланы ауру қылатын болдыңдар, тоңды ғой, алып кел бері», – дейді, қайыра алып келемін.
Әжем кейде өзін жайсыз сезінгенде «Осы үй ысып кетті, ашыңдар «портішкені» (форточка – Т.О.) – дейтіні бар, ашамыз. Бес минут өтер-өтпесте, «жабыңдар» – деген бұйрық түседі, жабамыз. Сондағы «портішкесі» – өз бөлмесіндегі терезенің жоғары жағынан көкем бұрғымен тесіп берген, сұқ саусақ қана сиятындай саңылау. Оны ағаштан жонылған тығынмен бітеп қоямыз.
Қуат сабаққа кетеді. Еламан әлі кішкентай. Әжем екеуміз әңгімелесіп отырып, шай ішеміз. Әрі енем, әрі сырласыма айналған. Жас кезіндегі басынан өткерген қиындықтары мен қызықты оқиғалар туралы әсерлі әңгімелейтін. Сондағы күлкісі әдемі еді. Қазір ойлап отырсам, соның бәрі үлкен сабақ, керемет тәрбие екен ғой. Мен осы ретте өзімді үлкен «мектептен» сабақ алдым деп айта аламын. Әке-шешемнен алған тәлім-тәрбиемді осынау киелі шаңыраққа келін болып, одан әрі ұштай түстім.
1986 жылдың ақпан айында әжем өмірден өтті. Ахат – 2-курс студенті. Жалғасқан келді өмірге. «Кісіcі қайтқан үйдің есігі бір жылға дейін жабық тұруға болмайды», – деп, әжемнің жылы берілгенше Қуат, Еламан, Жалғасқан төртеуміз өзіміздің ойдағы үйімізде отырдық.
Әжем қайтарының алдында, тіптен, қатты науқастанды. Табиғатынан кірпияз кісі, ештеңені жақтырмайды. Ауырып отырып, тазалықты керемет сақтады. Тәтем киімін ауыстырып, шашын тарап берейін десе, «Жоқ, сен ауыртасың, қолың қатты сенің, өзің тарап, өзің өрші», – деп мені шақыратын. Жарықтық, ақтық демі біткенше «Ризамын саған», – деп батасын беріп жатты.
Көкем мен тәтем де керемет жандар болатын. Өте мейірімді, ағайын-туысқа, көрші-көлемге қарайласып, қолұшын созуға тым ықыласты еді екеуі де. Тәтем ет жақыны түгілі, алыс адамдардың жоғын жоқтап, жаны ашып отыратын. Басында күрделі мәселесі бар ауыл адамдары кеңес сұрап, жиі келетін. Күліп отырып, қиыншылықтарын ұмыттырып, келген кісіні қанаттандырып жіберетін. Менің өзімнен кейінгі бауырларымды өз балаларынан кем көрмейтін. Әрқайсысын еркелетіп, ерекше ат қойып, дауысын соза әндетіп қарсы алатын. Бастарынан сипап, беттерінен сүйіп тұрып шығарып салатын. Ахат екеумізге «Әкемнің шаңырағының иесі – сендерсіңдер, менің шырақшыларым», – деуші еді.
Тәтем сүт кенжесі Құрметті ерекше көрді. Еркелетуі де мүлдем басқаша болды. Шық жуытпай отыратын. Өзі сондай қайратты, жігерлі, ер мінезді бола тұра, Құрмет дегенде тез босаңси салатын. Құрметжанның алғашқы мектепке баруы да – өзінше бір қызық хикая. Тәтем «Өзім қоса барамын, партада бірге отырып, сабақты бірге оқимын», – деген мағынадағы сөздерді ән әуеніне қосып айтып отыратын. Тәтемнің мойнынан қысып, құшақтап тұрғанды ұнататын Құрмет. Еркетотайын сабаққа жібереді де, өзі біздің үйге келеді, таңертеңгі шайды бізден ішеді. Әжем, тәтем үшеуміз шайға отыра бере, Құрмет тұрады терезеге келіп, жабысып. Көзінен жасы сорғалап, бетін жуып… Тәтем өзінше «қаталдық» танытып, екі жұдырығын түйіп, сес көрсетеді. Ал өзі еңкейіп алып, шек-сілесі қата күледі кеп, сол қалпында Құрметті «Кір үйге» – деп қол бұлғап шақырады. Ол сол күні сабақтан қалып қояды. Күнде осылай қайталанады. «Сабақ оқымаймын мен», – деп боталап жылайтын. Ақыры, оқымай қойды сабақты сол жылы. «Оқымаса, оқымасын, «бір Әбілқайыр» (тәтемнің құрдасы – Т.О.) жүрсін, тиіспеңдер», – дейтін.
Ойламаған жерден тәтем де өтті өмірден. Төбемізден жай түскендей күй кештік. Жанымызға қатты батты. Есеңгіреп қалдық. Алланың ісіне не шара?! Көндігесің!.. Кейін бірте-бірте келдік-ау өзімізге…
Қазір ойлап отырсам, «сынаққа түскен» шағымыз екен сол кездер. Ерке Құрмет анасынан 7-сынып оқып жүрген де қалды. Қуат – 10-сынып оқушысы, ал Айнұр – педагогикалық училище студенті. Жаратушының жәрдемі, көкемнің ұстамдылығы, Ахат пен Сағаттың бірін-бірі қас-қабағынан түсінуі, Ләззат екеуміздің иыққа түскен жүкті жан-тәнімізбен сезініп, ауыртпалықты бөлісе арқалауымыз тосыннан келген тығырықтан алып шыққан…
Соның алдында ғана Ахаттың қызмет бабымен Ұлытауға қоныс аударған едік. Балаларды жазғы демалыста ауылға алып барамыз, мен де барамын. Бізді көргенде көкем балаша қуанатын, кішкентайларды томпаңдатып, қайда барса да, қасынан қалдырмай ертіп жүретін. Орайы келгенде маған «Сенің орның бөлек қой, Жанбота, сен көзкөргенсің ғой» деп отырушы еді… Құрмет үйленгенде қатты қуанғаны есімде. Алла тілегін беріп, қара шаңырақтың қазанұстары Бибігүл де көкемнің көңілін таба білді. «Менің Бибігүлім», – деп ерекше жақсы көруші еді жарықтық.
Өмір өз ырғағымен жылжып жатты. Тәтемнен соң араға үш жылға жуық уақыт салып, Еламан да кетті жарық жалғаннан…
«Сені өмірдің күтіп ем нұр-шыңынан,
Аспадың-ау қайтейін, бір шыңынан.
Сені ойласам, жас тұнып жанарыма,
Көмейімде қалады тұншығып ән… – деп басталатын, Қуаттың қимас бауырына арнаған аза жырын көктасына жаздырдық…
Айта алмаймын ештеңе… Тілім күрмеледі! Қалам кідіреді! Жүрегім жылайды! Артында қалған бауырларының амандығын сұрап, Аллаға жалбарынамын…
Көзкөргендер кездескенде әжемнің, көкем мен тәтемнің адамдық асыл қасиеттерін, өнегелі істерін әңгімелеп отырады. Сондай кісілерге келін болғанымды мақтан тұтамын. Тәлім-тәрбиелерін өзім үшін сарқылмас қазына санаймын. Осы кісілердің өмір жолдары туралы бір кітап қана емес, жеке-жеке кітап жазуға болар еді…
Үлкендердің берген батасының қабыл болғаны шығар, Аллаға шүкір, Ахат екеуміз де ата-әже атандық. Балалардың жағымды істеріне мейірленіп, немерелердің былдырлаған тіліне сүйсініп, қылықтарын қызықтап жүрген жайымыз бар.
Отбасын құрғанымызға, бұйыртса, биыл 38 жыл болады. Арқасүйер Ахатыма, Алланың баға жетпес сыйы – балаларыма, балаларымның балапандарына, адалынан берген алтын келіндерім мен күйеу балама қарап отырып, өзімді бақытты сезінемін.
Осы бақытымнан айыра көрме, Жасаған!
Тәслима ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Анықтама үшін: Бұл мақала «Бір бәйтерек, бір шынар» (Жүрекжарды жазбалар, Елорда, «Кәусар» баспасы, 2019 жыл) кітабынан алынды. Кітапқа есімдері ел есінде, жарқын бейнелері көзкөрген жұртшылықтың көңіл төрінде сақталған, өзіндік қадір-қасиетімен халқының құрмет-қошеметіне бөленіп, ғибратты ғұмыр кешкен аяулы да абзал жандар – дара бекзат болмысымен Ел ағасы бола білген Нұриден Сұлтанұлы және ерекше жаратылысымен, айрықша ақыл-парасатымен, біртуар бітімімен Ел анасы атанған Болтай Құрмансейітқызы туралы сан алуан жазбалар топтастырылған.