Міндетті медициналық сақтандыру – уақыт талабы

Жасыратыны жоқ денсаулық сақтау саласының МӘМС реформасы бүгінде көптің көңілінен шықпайды. Қоғамда қызу талқыға түсіп, әрқилы ойларға түрткі болған жүйенің іс жүзінде қалай жұмыс жасайтынынан ұлытаулықтар әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облыстық филиалының есеп беру кездесуінде хабардар болды.

Сәрсенбінің сәтінде Жезді, Қарсақбай кенттері мен Ұлытау селосында өткен жиынға Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек төрағалық етіп, Қордың Ұлытау облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Абылайхан Рахымов, Ұлытау облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Бейсембаев, Ұлытау аудандық ауруханасының директоры Жұмаш Баймұратов баяндама жасады.

Баяндамашылар өз сөзінде тұрғындар денсаулығын жақсарту бағытында атқарылып жатқан игі істерді тілге тиек етіп, жиналғандардың қордаланған сауалдарына жауап берді.

Аудан тұрғындарын маман тапшылығы, әлеуметтік дәріханадағы дәрі-дәрмектің қымбатшылығы, КТ, МРТ және қымбат тұратын талдаулардың қолжетімсіздігі, ауылдық жерде қан анализаторларының жоқтығы алаңдатады. Шынында, Ұлытау аудандық ауруханасына бүгінде 9 дәрігер қажет. Олар: педиатр, акушер-гинеколог, реаниматолог, окулист, отолоринголог, хирург, фтизиатр, терапевт, стомотолог. Өзекті мәселенің шешу мақсатында Ұлытау облысы әкімдігі маман тарту үшін әрқайсысына 5 млн теңге көлемінде көтерме ақыға қаржы бөлді. Облысқа келеді деп жоспарланған 15 дәрігердің екеуі Ұлытау аудандық ауруханасына жұмысқа алынбақ. Осылайша, аудандағы реаниматолог пен акушер-гинекологтың тапшылығы оң шешімін таппақ. Сонымен бірге, Жезді мен Қарсақбай кентіндегі дәрігерлік-амбулаториялық пункттерін бір айдың көлемінде биохимиялық анализатормен жабдықтау көзделсе, ультра-дыбыстық зерттеу аппаратымен қамту облыстық денсаулық сақтау басқармасының назарына алынды.

Медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға бағытталған Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілгеніне міне 3 жылдың жүзі болды. Осы уақыт ішінде денсаулық сақтау саласында айтарлықтай ілгерілеу байқалады. Атап айтқанда, қазір түрлі консультациялық-диагностикалық тексерулер, жоғары технологиялық медициналық қызметтер, күрделі оталар қолжетімді. Сондай-ақ күрделі оталар мен жоғары дәлдіктегі диагностиканы күту ұзақтығын 3-4 айдан 1 айға дейін, қымбат тұратын КТ, МРТ 10 күнге дейін қысқарды. Бұрын ақылы негізде жүргізілген көптеген оталар, мысалы, есту қабілетін қалпына келтіру отасы, нейрохирургия, кардиохирургия, трансплантология, ЭКО МӘМС жүйесінде тегін көрсетіледі.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен іске қосылған «Аңсаған сәби» бағдарламасы МӘМС шеңберінде жүзеге асырылуда. Осылайша 2021 жылдан бері жасанды ұрықтандыру шараларын жасауға бөлінетін квота саны 7 есеге өсті. 2020 жылы 1105 квота бөлінсе, 2021 жылы квота саны 7000-ға жетті. Оның шарапаты Ұлытау облысына тиіп жатқанын атап өту керек. Биылдың өзінде облыс көлемінде бедеулік бойынша есепте тұрған 165 әйелдің 111-іне МӘМС есебінен ана болу бақыты бұйырмақ. Әрине, шешілмеген мәселелер, олқылықтар әлі де бар. Бірақ ауқымды өзгеріс енгізу үшін уақыт керек. Салаға білікті ұйымдастырушы мамандар қажет. Сол секілді халықтың өз денсаулығына деген жауапкершілігін де өзгерту маңызды.

МӘМС жүйесінің толыққанды жүзеге асуына кедергі келтіріп отырған алғашқы мәселе — өңіріміздегі сақтандырылмаған азаматтардың үлес салмағының әлі де жоғары болуы. Республика бойынша 19 млн тұрғынның 16 млн астамы cақтандырылған. Ал Ұлытау облысы бойынша 221 674 тұрғынның тек 188 757 сақтандыру мәртебесіне ие болып отыр. Ұлытау ауданында 8 801 тұрғын бар болса, оның 782-сі сақтандырылмаған. Сақтандыру мәртебесі жоқтардың қатарында 46 жеке кәсіпкер, 235 жұмыскер, 16 дербес төлеуші мен БЖТ төлеуші 5 тұрғын бар. Азаматтық келісім шарт негізінде табыс тауып жүрген 33 ұлытаулыққа да МӘМС жүйесіндегі медициналық қызметтер қолжетімсіз. Ұлытау ауданында үш жылдың ішінде МӘМС жарнасын мүлде аудармаған 447 азамат тұрады.

Ай сайын 4900 теңге көлемінде МӘМС жарнасын аударуы керек жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарына кірістер басқармасы заң аясында айыппұл салатынын еске сала отырып аудандағы жұмыс берушілерді де жауапкершілікке шақырамыз. Себебі, МӘМС аударымы мен жарнасы уақытылы аударылмаған жағдайда жұмыскер дәрігер көмегіне жүгінгенде қиындықтарға тап болады. Мәртебесі мүлде болмаған 447 жерлесіміз дербес төлеуші ретінде өз-өзіне 3500 теңге көлемінде жарна аудару арқылы сақтандырыла алады. Осы жерде ескеретін жайт, азаматтардың сақтандырылған мәртебесі болуы үшін, МӘМС туралы заңға сәйкес, 12 айға төлемі болуға тиіс. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар алдыңғы 12 айға төлем жасап, 1 жыл бойы медициналық қызметтерге, кейбір дәрілерді тегін қол жеткізе алады. Тегін дәрі-дәрмек демекші Ұлытау ауданында 11 науқас МӘМС есебінен, 410 науқас ТМККК пакеті шеңберінде дәрімен қамтамасыз етілген.

2024 жылдан бастап бірыңғай жиынтық төлем болмайтынын да ұмытпаған жөн. БЖ арқылы сақтандырылып жүргендерге енді дербес төлеуші болуға тура келеді. БЖТ төлеген адамдарға алдағы 12 айға төлем жасап, 1 жылға алдын ала сақтандырылған мәртебесін алған тиімді.

Төлем Қазақстанның кез келген банкінде, банктердің мобильді қосымшалары арқылы және «Қазпошта» бөлімшелерінде қабылданады. Төлем жасау кезінде ақша аударылатын тұлғаның жеке сәйкестендіру нөмірін, төлем жасалатын айды көрсету керек.

Құрметті тұрғындар! Егер сіздердің МӘМС жүйесіне қатысты сұрақтарыңыз болса немесе медициналық көмек алуда қиындықтар туындаса, өз емханаңыздағы «Пациенттерді қолдау қызметіне» жүгініңіз. Ал ол жерде мардымды жауап ала алмасаңыз, Қордың өзіңізге ыңғайлы арналары бойынша өтініш-шағымдарыңызды қалдыра аласыз:

— fms.kz ресми сайты,

— Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы

— Telegramдағы SaqtandyrýBot

— 1414 Бірыңғай байланыс орталығы.

Сондай-ақ Электронды үкіметтің egov.kz сайтындағы «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне медициналық көрсетілетін қызметті тұтынушы ретінде қатысу туралы және аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат ұсыну» мемлекеттік қызметі арқылы медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңізді тексеруге және жүргізілген төлемдер туралы ақпарат алуға болады.

Өз тілшімізден.