Міндеттер ауқымы айқындалды

Аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ жұмыс бабындағы сапармен Мибұлақ ауылдық округінде болып, ауылдың қазіргі таңдағы тыныс-тіршілігінің жай-күйін бағамдады. Әлеуметтік нысандарды аралады. Жергілікті тұрғындармен жүздесіп, көкейкесті мәселелерге қатысты ой-пікірлерін зерделеді, олардың түйінін тарқату жайын талқылады.

Алғашқы кезекте аудан басшысы Мибұлақ орта мектебіне атбасын бұрды. Мұнда оқу жылы аяқталғаннан кейін күрделі жөндеу жүргізілуде. Мектеп ғимараты жаңа оқу жылына дейін жаңғыртылып, сақадай сай болуы тиіс. Аудан әкімі осы жайтқа қатысты нақты тапсырмалар берді.

Бұдан кейін Советбек Тұрсынұлы ауылдағы медицина мамандарымен кездесті. Оның барысында індеттің таралуына тежеу қоюға байланысты сөз қозғалып, екпе салуға қатысты насихат шараларын ширату туралы міндет жүктелді.

Сапар соңында Советбек Медебаев ауыл әкімдігінде жергілікті тұрғындармен жиын өткізді. Оның барысында аудан басшысы жалпы өңірде, сондай-ақ, Мибұлақ ауылы бойынша атқарылатын жұмыстар жөнінде егжей-тегжейлі әңгімеледі. Ауыл тұрғындарын ерікті түрде вакцина алуға үндеді.

Кездесуде тұрғындар байланыс қызметі мен ауызсу сапасына және өзге де өзекті мәселелерге қатысты ойларын ортаға салды. Қариялар қауымы аудан басшысының қызметіне сәттілік тіледі. Өзінің қорытынды сөзінде Советбек Тұрсынұлы халықтың өтініші мен талап-тілегіне үнемі назар аударылатынын және олардың ескерілетінін атап өтті.

Жасұлан АЯШЕВ