Межелі міндеттер нақтыланды
Аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВТЫҢ төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Жиынға аудандық мәслихаттың хатшысы Аманжол МЫРЗАБЕКОВ қатысты. Маңызды мәселелер қарастырылып, карантин талаптары мұқият сақталған басқосуға кенттер мен ауылдық округтер әкімдері де шақырылды.
Алғашқы мәселе – 2021 жылы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын өткізуге дайындық жұмыстары туралы аудан әкімінің орынбасары Бағдат Байжантаев хабарлама жасады.
Жаз кезеңінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары мен суға шомылу маусымында жалпы жұртшылыққа қойылатын талаптар жөнінде аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Данияр Мұханбетов баяндады.
Бұдан кейін жазғы демалыс кезінде жасөспірімдер арасындағы қылмысты және кәмелетке толмағандарға қарсы қылмастардың алдын алу шаралары бойынша аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Еркебұлан Байзақов хабарлама жасады.
Аудан аумағында салынып жатқан құрылыс нысандарындағы жұмыстардың қазіргі таңдағы деңгейіне қатысты аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Берік Әбілов ақпарат берді.
Жиында күн тәртібіндегі мәселелер жүйелі негізде, рет-ретімен егжей-тежейлі талқыланып, тиісті тұжырымдар жасалды.
Советбек Тұрсынұлы жаз айларында суға шомылу және жасөспірімдер арасындағы қылмысты алдын алуға қатысты жұмыстарды ширатуды және күнделікті бақылауда ұстауды тиісті мекеме-бөлімдер басшыларына, кенттер мен ауылдық округтер әкімдеріне қатаң тапсырды. Осы мәселе аясында аудандық білім бөлімінің басшысы Бағдат Әбдірайымов аудан бойынша суға түсуге тиым салынған жерлерге арнайы белгі орнатылуын сұрады. Сондай-ақ, ауыл мектептеріне патронатты жағдайда бала алумен қатар, жас отбасыларды ауылға тарту жөнінде ұсыныс-пікірін білдірді.
Аудан басшысы салынып жатқан құрылыс жұмыстарын бақылауды қатаңдатуды аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Берік Әбіловке тапсырып, сапасына көңіл аудару мен мерзімінде тиянақталуын қамтамасыз етуді міндеттеді.
Аппарат жиыны барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының Жезқазған қаласындағы аймақтық өкілдігінің жетекшісі Ләззат Ранова індеттің алдын алу шараларына қатысты хабарлама жасап, аудан активін тұрғындардың екпе салдыруын ұйымдастыру бойынша бірлесе жұмыс жүргізуге шақырды.
Қысқаша түйіндегенде, жиын нәтижесінде межелі міндеттер нақтыланды.
Жасұлан АЯШЕВ