МЕЖЕ – 18 874 тонна
Биылғы қуаңшылық қысқы мал азығын дайындауға үлкен әсерін тигізді. Шөптің шығымы аз болды. Кей аймақтарда қалың өрт болып, жайылымдық жерлер отқа оранды. Шабындығын от шарпыған шаруа қожалықтары да аз емес…
Осындай алмағайып тұста құнары бойында тұрған шөптің мерзімінде шабылып, қыстақтарға жеткізілуі – басты шарт. Мұны жақсы түсінген сарысулық шаруа қожалықтары шөп шауып, тасуды үлкен ыждаһаттылықпен атқаруда.
Ауылдық округтің әкімі Сәтжан Құрманбаевтың айтуынша, биыл 18 874 тонна шөп дайындау жоспарланыпты. Бұл округте 112 шаруа қожалығы бар, жекеменшікте де мал басы аз емес.
– Бізде шөп, негізінен, лимандардан шабылады. Көктемде судың келуі көңілге қонымды болды. Су жеткілікті мөлшерде түсті. Соның арқасында бидайықтың шығымы жақсы. Қазір шаруа қожалықтары 10 мың тоннаның үстінде шөп шауып, тасып алды. Бұл іске округте жиырмаға жуық техника тартылған. Қолдағы мал саны жылдан жылға көбейіп келеді. Бұл өз кезегінде мал азығының мол қорын қажет етеді. Сондықтан бүгінгі күні үш фермада даланың бозы шабылуда, – деді Сәтжан Бақытұлы бізбен әңгімесінде.
Ауыл әкімінің айтуынша, орталықтағы тұрғындар да шөптен кенде қалмайды. Белгіленген тапсырманың басым бөлігі орындалып, шабылған шөп қыстақтар мен жеке тұрғындар аулаларына тасылуда. Шөп бағасы – бақылауда. Біздің округ аудан бойынша ең төменгі бағаны ұстап отыр. Шөптің бір тюгі – 370-400 теңгенің аралығында. Бұл – лиманның шөбі. Ал, даланың бозын шаруа қожалықтары 500 теңгеден ұсынуда, – дейді округ әкімі.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ
САРЫСУ ауылы.