Мерейлі міндеттер межеленді

Аудандық мәслихаттың мәжіліс залында аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВТЫҢ қатысуымен «Nur Otan» партиясы Ұлытау аудандық филиалының кезекті XXVII есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Оның жұмысына партияның Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша ОСПАНОВА, конференция делегаттарының басым бөлігі ZOOM платформасы арқылы қатысты.

Есепті кезеңді қорытындылап, алдағы міндеттер ауқымын айқындаған конференцияға мемлекеттік мекемелердің басшылары, кенттер мен ауылдық округтер әкімдері, аудандық мәслихаттың депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңес пен аудандық филиалдың партиялық бақылау комиссиясының мүшелері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бейнебайланыс тәсілімен қатысып отырды.

Конференцияны партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жомарт Бегаев ашты. Алғашқы кезекте мандат комиссиясының төрағасы Гүлжан Көпееваның хабарламасы тыңдалып, конференция делегаттарының өкілеттіктері расталып, бекітілді.

«Nur Otan» партиясы Ұлытау аудандық филиалының төрағасын сайлау туралы» мәселе бойынша партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова сөз алып, партия Жарғысының талабына сәйкес, аудандық филиалдың төрағасы Берік Әбдіғалиұлының ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайлануына байланысты филиал төрағасы лауазымынан босату туралы ұсыныс енгізді. Ұсыныс бірауыздан мақұлданды.

Бұдан кейін Қадиша Базарбайқызы аталған лауазымға партияның Орталық аппараты басшылары мен Қарағанды облыстық филиалы Саяси кеңесінің келісіміне сәйкес, аудан әкімі Советбек Медебаевтың кандидатурасын ұсынды. Кандидатура делегаттар тарапынан толық қолдау тауып, Советбек Тұрсынұлы «Nur Otan» партиясы Ұлытау аудандық филиалының төрағасы болып сайланды.

Маған көрсетілген аса жоғары сенім үшін ризашылығымды білдіремін. Баршаңызды Елбасы – партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың партия ұйымдарының алдына қойып отырған ауқымды міндеттерін жүзеге асыруға өзімнің бар білімім мен тәжірибемді жұмсайтыныма сендіргім келеді, – деді конференцияны жүргізу тізгінін бірден қолына алған жаңа төраға өз лебізінде.  

Одан әрі «Ұлытау аудандық филиалы Саяси кеңесінің 2019-2020 жылдары атқарған жұмыстары және алдағы кезеңге арналған міндеттері туралы» партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жомарт Бегаев баяндама жасады.

Делегаттар баяндаманы талқылау барысында сөз алған «Өркен» балабақшасының директоры, партияның облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі Эльмира Ершұманова мен аудандық «Ұлытау» газетінің бас редакторы, аудандық мәслихаттағы партия фракциясының жетекшісі Ахат Құрмансейітовтің көңілге қонымды пікірлеріне ықыласпен құлақ түрді.

Конференция делегаттарының ортақ ұйғарымы бойынша аудандық партия ұйымының есепті кезеңдегі жұмысы қанағаттанарлық деп танылды. Қаулы жобасы негізге алына отырып, қабылданды.

Құзырлы жиында «Nur Otan» партиясы Ұлытау аудандық филиалының 11 адамнан тұратын Саяси  Кеңесінің құрамы сайланды.

Барлық делегаттардың қатысуымен аудандық филиалдың жаңадан сайланған Саяси кеңесінің ұйымдастыру отырысы өткізіліп, филиал Саяси кеңесінің құрамында 5 адам бар Бюросы бірауыздан сайланды.

Конференцияда сондай-ақ, «Nur Otan» партиясы Қарағанды облыстық филиалының кезекті XXХV есеп беру-сайлау конференциясына партияның аудандық ұйымынан делегаттар сайлау мәселесі қаралды. Нәтижесінде облыстық конференцияның делегаты мандатын «Nur Otan» партиясы Ұлытау аудандық филиалының төрағасы – аудан әкімі Советбек Медебаев, аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Жомарт Бегаев және «Өркен» балабақшасының директоры, аудандық мәслихаттың депутаты, партияның облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі Эльмира Ершұманова иеленетін болды.

Күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданды.

 Өз тілшімізден.