Мерейлі мерекеге – 10 жыл
Осыдан тура 10 жыл бұрын яғни, 2011 жылдың 10 желтоқсаны күні ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының бастамасымен «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» ҚР Заңына толықтыру енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданған болатын. Заң 1 желтоқсанда аталып өтілетін – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін белгілеген еді.
ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің бірлігін, конституциясын, адам мен адамзаттың құқықтарын және бостандықтарын қорғауды қамтамасыз еткен жаңа тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы екендігі ешкімде де дау тудырмасы анық жайт. Осыған орай аталған Заңның қабылдануы арқылы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Республикаға сіңірген ғаламат зор еңбегі танылған болатын. Заң жобасын қабылдау барысында сол кездегі Сенат спикері Қайрат Мәмидің: «Тәуелсіздіктің қайнар көзі 1991 жылы 1 желтоқсанда еліміз алғаш рет бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде өзінің тұңғыш Президентін сайлап алғаннан басталған болатын. Сондықтан да, бүгін Қазақстан Республикасы өзінің Тұңғыш Президентін сайлаған күн – Мемлекеттік мереке күні болып бекітілді. Бұл шешім арқылы, мен ойлаймын, біз Елбасы Н.Назарбаевтың ұлы тұлға екеніне, көреген кемеңгерлігіне ғана тиісті баға беріп отырған жоқпыз. Бұл шешім арқылы Тәуелсіз Қазақстанның даму жолындағы Президент институтының мәртебесіне және осыдан 20 жыл бұрынғы біздің халқымыздың Президент институтының керектігін өзінің салиқалылығымен таңдағанына тиісті баға беріп отырмыз деп ойлаймын. Сондықтан да, отандастарымыз осы шешімімізді, осы сыйды дұрыс қабылдайды деген сенімдемін», – деп атап өтті.
Шындығында Қазақстан Тәуелсіздік алған тұста ұлт тарихындағы жаңа дәуір дәл осы 1 желтоқсан күнінен басталған еді. Өйткені, ата-бабамыздың ғасырлар бойы асыл арманы болып келген егемен Қазақстанды құру жөніндегі тарихи аманаты 1991 жылғы 1 желтоқсанда орындалып, дәл сол күні Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіз Қазақ елінің Тұңғыш Президенті болып сайланған болатын.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ