Мерейді өсірген мейрам
Биыл Ұлыстың Ұлы күнін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа үлгідегі тұжырымдамасымен 14-23 наурыз аралығында 10 күн тойлау туралы ұсыныс жасалғантын. Алдыңғы аптада бекітілген тақырыптарға сәйкес, аудан орталығында өткізілген шаралар газетіміздің өткен санында жарияланды. Жарасымды үрдіс осы аптада да мерекелік думанмен жалғасты.
Жылдағы дәстүр бойынша спорттық сайыстар ұйымдастырылды. Бұл жолы Орталық алаңда емес, аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің ұйытқы болуымен онлайн форматта өтті. «Шымырлық пен шеберлік күні» деп белгіленген шараға Жезді, Қарсақбай кенттерінен, Ұлытау, Сарысу ауылдарынан 50-ге тарта спортшы қатысты. Сайыс барысында спортшылар шахмат, белтемірге тартылу, шынтақпен төрт тағандап тұру, тағы басқа да спорт түрлерінен бақтарын сынады. Көпшілікті тартқан мерекелік бағдарлама өте тартымды болды. Тойдың сән-салтанатын келістіре жалғастырған қатысушылар таласты тартыста әдемі ойын өрнегін көрсетті. Әсіресе, ептілік, шымырлық сынды спорт түрлеріне тән қасиеттерді шеберлікпен шыңдады. Сонысымен, спорттық шаралар онлайн режиміндегі көрсетілімде көрерменді өзіне тартып, ұлық мейрамның ажарын үстемелей түсті.
Бұдан бөлек, аудандық Оқушылар үйінде үйірме жетекшілерінің ұйымдастыруымен «Зияткерлік күні» өткізілді. Шара барысында оқушылар пойыз макетін пайдаланып, «Асыл сөз», «Шебер қол» бекеттеріне саяхат жасады. Әр бекетте оқушыларға қазақтың салт-дәстүріне байланысты сұрақтар қойылып, жауаптары тыңдалды. Енді бірінде мақал-мәтел айтудан жарысып, сөзжұмбақтар да шешілді. «Шебер қол» бекетінде оқушылар ұлттық нақышта жасалған қолөнер туындыларын көрсетті. Сонымен қатар, онлайн форматында әдет-ғұрып көрсетілімдері ұйымдастырылып, тұрғындар назарына тартымды концерттік бағдарламалар ұсынылды.
Айтулы шаралар бұдан кейін де «Ұлттық тағамдар күні», «Жоралғы күні» атауымен жалғасып, 23 наурызда қорытындыланды.
Жалпы айтқанда, Наурыз мейрамында ұйымдастырылған шаралар легі бірлікке, айырымдылыққа, тағы да басқа ізгі істерге бастау болғаны анық.
Қайрат ЖҰМАБАЙ