Менің соңғы әкем еді

Өткен жылы күзде «ФБ» желісінде Сəрсембай əкеміздің өмірден өткендігі туралы хабарды оқығанымда былай деп жазғаным есімде: «Менің соңғы əкем еді. Кездескенде бауырына басып сүюші еді. Ғұмыр жолы үлгі мен өнегеге толы ақсақал ара-тұра кездескенде тереңнен тарта сыр шертетін. Нені айтса да, қай тақырыпты сөз етсе де, өзімсініп, етене жақын тарта сөйлеуші еді. Батылдығы мен бірбеткейлігі, қайраткерлік қалпы, бұра тартпай ақиқатты ақтара айтатыны ұнайтын. Баяғыда бір шалды бір шал əке депті дегенде күлетін едік, басымызға келіп, сол шақтың да куəгері болып отырмыз деп əзілдесетін едім».

Ол кісіні əке дейтінім, менің əкеммен көп жыл қызметтес, əрі құрдас, дос болып еді. Қазір ол кісі туралы естелік айтатын замандастары да азайып қалды ғой, тіпті жоқ деуге де болады. Көкем Сəрсембай əкеміздің əділ, əрі еңбекқорлығын, əрі іскерлігін əрқашан айтып отыратын. Қатарларының айтуынша да, өзімнің көргенімде де екеуі шаруашылық бойынша дауласып, у-шу болады екен. «Е, енді осыдан кейін араздасып, бір-біріне көңілі суитын шығар» деп жанындағылар ойласа, артынша əзілдесіп, ойнап-күліп отыратын көрінеді.

Көкемнен естіген мынадай бір оқиға болған. 1960 жылдары болса керек, Ұлытау ол уақытта аудан орталығы. Ал, Сəрсембай əкем аудандық тұтынушылар одағында (Казпотребсоюз) бас есепші. Сол жылдары мектеп интернат пен сауда орталығының арасында заңсыздыққа жол беріліп, жоғарыдан үлкен тексеріс келеді. Нəтижесінде, аудандық тұтынушылар одағының басшысы, райкомның бөлім меңгерушісі, мектеп директоры, қойма меңгерушісі сотталыпты. Ал, сауда одағының бас есепшісі болған Сəкеңе ештеңе болмаған. Тексеріске келгендер олай бір айналдырып, былай бір айналдырып Сəкеңнің жұмысынан ешқандай заңсыздықты таба алмапты. Міне, біздің Сəрсембай ақсақал сондай адал азамат еді.

Сөйткен Сəрсембай əкем бір жыл бұрын ортамыздан ұзады. Өз ісінің біліктісі болған, адал, əділ ақсақалымыздың өмірі кейінгі ұрпаққа өнеге болуы тиіс. Жатқан жері жайлы, иманы жолдас болуын бір Алла нəсіп етсін деп тілейміз.

Шаяхмет ҮМБЕТОВ,

Ұлытау ауданының Құрметті азаматы.