«Менің ертегі әлемім»
Ертегілер – халық даналығының айнасы, өмір тәжірибесін танытар тәрбие құралы. Халқымыз ертегілерді өскелең ұрпақты елін, Отанын сүюге, халыққа адал қызмет етуге тәрбиелейтін құралдың бірі есебінде пайдаланған. Ондағы алуан түрлі кейіпкерлердің іс-әрекеттерін, олардың тапқырлық, айлакерлік, адамгершілік, ерлік істерін жастарға үлгі, өнеге еткен.
Жуырда Ұлытау аудандық балалар кітапханасында «Кітап патшалығындағы мереке» жобасы аясында жас оқырман №1 Ұлытау орта мектебінің 3-сынып оқушысы Қайрат Әли Мансұрдың «Менің ертегі әлемім» атты ертегі кітапшасының тұсауы кесілді. Жас ертекші бала күнінен ертегі тыңдауға әуес болғанын, ондағы кейіпкерлерге еліктеп, кейбірінен сабақ алып өскенін айтады. «Анам кішкентайымнан ертегі айтады. Мектепке барғаннан балаларға арналған кітаптарды өзім іздеп оқи бастадым. Ертегідегі шым-шытырық оқиғалар ұнайды. Олардың түр-түрімен танысқан сайын, өзім де ертегі жазғым келді. Бұл менің алғашқы туындыларым»,- дейді Әли Мансұр.
Шараны ұйымдастырған кітапханашылар Гүлбақыт Қалиева мен Марина Елеуова аудандық балалар кітапханасында балаларға арналған кітап қорының мол екенін және жас оқырмандарды тартуда осындай түрлі іс-шаралар өткізіліп тұратынын баса айтты.
Жас ертекшінің жаңа туындыларымен танысуға келген достары да ертегілер еліне бірге саяхат жасады. «Бала неғұрлым кішкентай болса, ата-аналарының өнегелі сезімін, мінезіндегі әдеттердің тұрақтылығын қалыптастыруына мүмкіндігі мол болады. Адамның бала күнінде естіген, оқығанынан алған әсері көп жағдайда, оның ойында өмір бойы қалып қояды. Бүгінгі заман баласына үлкенді сыйлау, кішіні құрметтей білу, мейірімділікті сіңіре білуде ертегінің әсері өте зор», — дейді кітапхана оқырмандарының ұстазы Альмира Омарова.
Біз өз тарапымыздан жас қаламгер Әли Мансұрдың қаламы қарымды, талғамы биік қаламгер болуына тілектестік білдіреміз.
Өз тілшімізден.