«МЕН – ҰЛЫТАУДЫҢ ҰЛЫМЫН» – дейді кәсіпқой боксшы Нұрбол СҰЛТАНБАЙ
Негізі «спорт» сөзінің арғы төркіні, көне француз тілінен тәржімалағанда «desport» – көңіл ашу, босау үшін жасалатын әрекет деген ұғымды білдіреді екен. Адам баласы спортпен денсаулығын жақсарту, моральді және материалды тұрғыдан қанағаттану, өзін-өзі дамыту үшін шұғылданады. Кәрі тарих қазақ даласындағы алғашқы спорттың белгілері, сонау VІІ ғасырда-ақ пайда болғанын айтады. Дегенмен, қазақ спортының шынайы тарихы Қазан төңкерісінен кейінгі жылдардан бастау алады. Қазақ халқы бағзы заманнан садақ ату, найза лақтыру, күрес, кір тасын көтеру, ат жарысы сияқты спорт түрлерімен шұғылданған. Сөйтіп, өздерінің рухани байлықтарын толықтырумен қатар, дене бітімдерін де жетілдіріп отырған. Әр елдің, жүз бен болыстың өз батыры, атақты балуандары мен мергендері болған. Олардың әрқайсысы өз руының намысын қорғау үшін сайысқа түсіп, жеңіс жолына күш-жігерлері мен айла-тәсілдерін аямай жұмсаған…
Еліміз Тәуелсіздік алғанға дейін, әлемдік деңгейдегі байрақты сайыстарға қазақстандық спортшылар КСРО-ның атынан шығып жүрді. Алматы, Қарағанды, Тараз, Қостанай, тағы сол сияқты қалалардағы спорт мектептерінің тәрбиеленушілері талай рет Олимпиада және Азия ойындарында, әлем чемпионаттарында топ жарып, КСРО-ның даңқын көкке көтерген-тін. Бұл орайда даңқты балуан, марқұм Жақсылық Үшкемпіровтің ерен еңбегін айтсақ та жеткілікті! Ел Тәуелсіздігі жарияланғаннан бері, қазақстандық спортшылар өз Отанымыздың намысын қорғап жүр. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Қазақ елінен талай-талай спорт тарландары шығып, Қазақстанның атын айдай әлемге паш етті. Александр Винокуров (велоспорт), Анатолий Храпатый (ауыр атлетика), Владимир Смирнов (шаңғы тебу), Ольга Шишигина (жеңіл атлетика), Бақтияр Артаев, Василий Жиров, Бақыт Сәрсекбаев, Бекзат Саттарханов (марқұм), Данияр Елеусінов, Серік Сәпиев (барлығы бокс), Дмитрий Баландин (суға жүзу), Илья Ильин, Зульфия Чиншанло, Майя Манеза, Ниджат Рахимов, Светлана Подобедова (барлығы зілтемір көтеру), Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика) сияқты спорт саңлақтары Олимп шыңын бағындырып, Қазақстанның Көкбайрағын көкке көтерткізді. Байрақты бәсекелерде күміс, қола медальдарға қол жеткізген спортшыларымыз қаншама?! Қазақстан дербес мемлекет ретінде қатысқан Олимпиада ойындарынан барлығы 59 алтын медаль (оның 52-і жазғы және 7-і қысқы) жеңіп алған екен. Мұның өзі қазақ спортының жоғары деңгейде екенін көрсетсе керек!
Соңғы жылдары қазақстандық боксшылар арасынан әуесқой бокстан кәсіпқой боксқа ауысқандар саны артып келеді. Кәсіпқой боксшыларымыз бүгінде шетелдердің шаршы алаңдарында атой салып, Қазақ елінің абыройын асқақтатуда! Гүрзі жұдырықты қарағандылық боксшымыз Геннадий Головкин әлемдік деңгейдегі кәсіпқой бокс әлемінің жарық жұлдызына айналды. Осы алып күш иесінің ізімен Қанат Ислам, Бейбіт Шүменов, Данияр Елеусінов сияқты сайыпқырандарымыздың аттары әлемде асқан құрметпен аталады. Кәсіпқой бокс – спорттың аса ауыр, ең қауіпті түрі. Сондықтан оның бәсі де жоғары болады. «Не бел кетеді, не белбеу кетеді» дегендей, кәсіпқой боксшы әр жекпе-жегіне үлкен тәуекелге бел буып шығады. Әлсіз болсаң, қарсыласың бір жеріңді майып қылудан тайынбайды. Кәсіпқой бокстың ереже, талаптары да әуесқой боксқа қарағанда – қатаңдау да қауіптілеу. Сол себепті де кез-келген әуесқой боксшының кәсіпқойлыққа бел бууы екіталай. Ол үшін үлкен жүректілік, батылдық, төзімділік керек. Жатпай-тұрмай жаттығудың да маңызы зор, өйткені ащы терің шықпай оңай жеңіс жоқ! Әлемге танылған қазақстандық кәсіпқой боксшыларды өздеріне үлгі тұтқан жас өрендер, еліміздің түкпір-түкпірінен шыға бастады бүгінде. Солардың бірі – бойындағы бұлакүшті боксқа арнаған жас спортшы, Жезқазған-Ұлытау аймағына таныла бастаған кәсіпқой боксшы Нұрбол Сұлтанбай.
Нұрбол – Сарысу ауылының тумасы, 1999 жылдың 8 тамызында қарапайым отбасында дүниеге келген. Ата-анасы Наурызбай мен Айнұр екеуінің тұңғышы, жанұядағы 4 баланың үлкені. Ата-әжесі Сұлтанбай мен Қалдыгүл Нұрбол мектепке барар жылы Жезқазғанға қоныс аударады. Қаладағы №7 қазақ мектеп-лицейінің табалдырығын аттаған ол 9 сынып бітірген соң, индустриалдық-гуманитарлық колледжге түседі. Нұрбол – ЖИГК түлегі. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ Нұрболдың боксқа деген қызығушылығын байқаған атасы Сұлтанбай, оны 10 жасында бокс үйірмесіне алып келеді. Бокс әлеміне жасаған алғашқы қадамдары мен бүгінгі жетістіктері жайлы жас боксшы:
– «Мені үйде үнемі «Тайсон» деп атап кеткен атам, 10 жасымда бокс үйірмесіне берді. Мен бала жасымнан аты жер жарған Майк Тайсонның жекпе-жектерін көріп отырғанымды байқап жүрсе керек. 4-5 жыл бойы боксты ойын ретінде әрі өз-өзімді қорғау үшін жаттығу сияқты қабылдадым. 15 жасымнан бастап шындап айналыса бастадым. Менің боксқа деген қабілет-қарымымды, тәжірибелі бапкер Тұралы Тәліпов одан әрі шыңдай түсті. Күнделікті жаттығуларда түрлі тактикаларға, шабуылдау мен қорғану тәсілдеріне баулыды. Алғашында қаншалықты қиын болғанмен, менің ішкі түйсігім боксты серік етуіме түрткі болды. Мен әр жаттығудан шаршап емес, қанаттанып қайтатынмын. Осылай жүріп, алғашқы спорт жарыстарына да қатыса бастадым. Қалалық, облыстық, республикалық турнирлерде топ жардым. Бапкерім Тұралы ағай: «Дене дайындығымен қатар, ойөрісіңнің де дайындығы болуы керек. Жекпе-жекке шыққанда қарсыласыңның осал тұсын бірден байқап, осал тұсына орай әрекет жасау керек» дейтін. Мен әрқашан бапкердің айтқан ақыл-кеңестерін бұлжытпай орындауға тырысамын!» дейді Нұрбол бауырымыз бізбен әңгімесінде. Ол Қазақстан чемпионатында алғаш рет алтын медалға ие болды. Өзбекстан астанасы – Ташкентте өткен Азия чемпионатында жүлделі екінші орынды еншіледі. Енді Нұрбол ересектер тобына ауысып, бірнеше сындарлы сайыстардан жүлделі оралады. 2020 жылы бапкері Тұралы Тәліповпен, жас спортшылардың жанашыры әрі қолдаушысы Саят Балмағанбетовпен ақылдаса келе, кәсіпқой боксқа ауысуға бел буады. «Әуесқой бокстан кәсіпқой боксқа ауысу оңай болған жоқ. Бірақ мақсатыма жету үшін, қандай қиындықты болсын жеңуге жанымды салдым. Кәсіби бокстағы алғашқы жекпе жегім өткен жылы 5 қарашада Алматыда өтті. «Алтын контракт» турнирінде өткізген 3 кездесуім де сәтті болды. Қарсыласым алматылық боксшы Ерасыл Акрамбековпен 8 раундтық жекпе-жекте «WBO» (бүкіләлемдік бокс кеңесі тіккен) белбеуін жеңіп алдым. Биылғы ақпан айында алматылық Нұржан Мақашбаевпен болған рейтингтік жекпе-жекте ұтылдым. Келесі жекпе-жек алдағы шілде айына жоспарланып отыр. Өтетін уақыты, қарсыласым кім болатыны әзірге белгісіз», – дейді Нұрбол Наурызбайұлы. Қазіргі таңда Нұрбол МТК промаутерлік компаниясымен шартқа отырып, тәжірибелі бапкер Болат Ниязымбетовтің басшылығымен жаттығып жүр. Кәсіпқой бокс әлеміне өткен жылы ғана қадам басқан Нұрболдың алар асуы әлі алда. «Мен Ұлытаудың ұлымын!» деп шаршы алаңға атойлап шығатын арыстан жүректі ұлға, кіндік қаны тамған Сарысу ауылында арнайы баннер орнатылыпты. Бұл да болса туған елінің атын шығарып жүрген азаматына көрсеткен құрметі болса керек. Қасиетті Ұлытаудан қуат алған жас спортшыға аудан орталығындағы бір көшеден осындай баннер орын тепсе, артық болмас еді, әрине! Бұл ізгі іс ауылдың «қарадомалақтарына» үлгі-өнеге болар ма еді, бәлкім!
«Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» дегендей, қолдау көрсеткен «Tukeshov boxing promotions» басшысы және менеджері Жалғас Түкешовке, «МТК Kazakhstan» промоутерлік компаниясының басшысы Асқар Салықбаевқа, қаржылай демеушілік жасаған ұлытаулық меценаттар Бауыржан Мұқашев пен Марғұлан Молдашевқа Нұрболдың атаанасы, бауырлары үлкен рақметін айтуда. Жас тарланның осындай дәрежеге көтерілуіне жаттықтырушылары Тұралы Тәліпов пен Саят Балмағанбетовтің де еңбектері зор. Сайып келгенде, әу баста Сұлтанбай ақсақалдың «түбінде осы ұлдан мықты боксшы шығады» деген сөзі ақиқатқа айналғандай…
Жеңісті жолдарың жалғаса берсін, Нұрбол!
Рахымжан ӘДЕНҰЛЫ