Мемориалдық тақта орнатылды

Жыл айрығы жезділіктер үшін айшықты шарамен түйінделді. Аптаның басында Жезді кентіндегі мектеп-интернатқа Ілияс Құсайыновқа арналған мемориалдық тақта орнатылды.

Ұлы Отан соғысының ардагері Ілияс Мұсабекұлы саналы ғұмырының елу жылын білім беру саласына арнаған жан. Оның ішінде 30 жыл осы мектеп-интернаттың директоры қызметін атқарған. Майдандағы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз», I дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «За боевые заслуги» және басқа да мерекелік медальдармен марапатталған. Оның бейбіт күндегі ерен еңбектері де ескерусіз қалған жоқ. «Құрмет белгісі» ордені мен «КСРО оқу ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі», «Ұлытау ауданының Құрметті азаматы» атақтары соның айқын айғағы.

Мемориалдық тақтаның ашылу салтанатында сөз алған қаржы саласының ардагері Сәттібек Қорғанбеков Ілияс Құсайыновтың өмірі мен еңбек жолына қысқаша шолу жасай келіп өзінің жүрекжарды лебізін білдірді.

Бұдан кейін аудан әкімі Берік Әбдіғалиұлы мен Жезді кентінің еңбек ардагері Қадыр Құлахметов мемориалдық тақтаны ашты. Іс-шара одан әрі мектеп-интернатындағы мұражайдың ашылуымен жалғасын тапты. Мұражайда Ілияс Құсайыновтың өмірбаяны, мектеп директорлары, ардагер ұстаздар, талантты шәкірттері жайлы ақпараттар мен фотосуреттері ілінген. Сонымен қатар, мектепке қатысты жазылған естеліктер мен кітаптар да қойылған.

Жасұлан АЯШЕВ