Меморандумға қол қойды

«Қазақмыс Холдинг» Жезқазған, Сəтбаев қалалары мен Ұлытау ауданында жалпы сомасы 35 млрд. теңгеге болатын 22 жобаны жүзеге асырмақ. Бұл жайлы сəрсенбі күні болған үшжақты меморандумға қол қою шарасы кезінде айтылды.

Баршаға белгілі, аптаның басындағы Үкімет отырысында Ұлытау облысының əлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары мақұлданған болатын. Кешенді жоспар 9 бағыт бойынша іс-шаралар кешенін қамтыған. Олардың ішінде индустриялық-инновациялық даму, минералдық-шикізат базасын кеңейту бар. Жобалардың жүзеге асуына өңіріміздегі іргелі өндіріс компаниялары да қолдау танытып отыр. Сəрсенбі күні облыс басшысы Берік Əбдіғалиұлы «Қазақмыс Холдинг» директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай жəне «Қазцинк» Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің Бас директоры Александр Хмелевпен меморандумға қол қойды.

– Ұлытау облысының əлеуметтікэкономикалық дамуының 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары бірнеше рет пысықталып, толықтырылып, осыдан бірер күн бұрын қайтадан Мемлекет басшысына таныстырылған болатын. Бұл құжат Үкімет отырысында да мақұлданды. Жақын күндері Қаулы да шығады. Кешенді жоспар аясында республикалық бюджеттің өзінен 351 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінетін болады. Оның ішінде Ұлттық жобалар да бар. Облыстан 147 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр, – деген Берік Əбдіғалиұлы осы тұста футбол клубын қайта жандандырып, үлкен концерт залы, спорттық-сауықтыру кешенін салуға көмек көрсетіп отырған «Қазақмыс» корпорациясына алғысын білдірді.

Əкімнің сөзін Эдуард Огай да қоштап, өңірді əртараптандырудағы əріптестік жалғасын таба беретінін айтты.

Шара барысында «Қазцинк» ЖШС Бас директоры Александр Хмелев компанияның Ұлытау облысына келгеніне көп бола қоймағанын, өңірде жүзеге асырған жұмыстары туралы ауыз толтырып, мақтана айтар істері болмаса да, Жəйремде басталған жұмыстар басқа өңірлерді де қамти беретінін тілге тиек етті.

Меморандум аясында «Қазақмыс Холдинг» Жезқазған, Сəтбаев қалалары мен Ұлытау ауданында жалпы сомасы 35 млрд. теңгеге болатын 22 жобаны жүзеге асыратын болды. Ал, «Казцинк» компаниясы Жəйрем кентінің əлеуметтік-экономикалық дамуына өздерінің қомақты үлес қосатынын, осы бағытта 600 миллионға жуық қаражат бөлетіндерін жеткізді. Сондай-ақ, алдағы жылдары Жəйрем кентінде спорт кешенін салуды да жоспарлап отырғандарын айтты.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ