Мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейтуге арналған шара

Ұлытау ауданы әкімдігінің қолдауымен Ұлытау ауданының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен мемлекеттік тіл саясатын іске асыру, қазақ тілінің қоғамдық өмірдегі қолданыс аясын кеңейту және тілдік мәдениетті арттыру мақсатында бірқатар маңызды іс-шаралар өткізілді.

Аталған бағыттағы жұмыстар аясында 10 желтоқсан күні «Көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру» тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастырылды. Семинардың негізгі мақсаты – көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндерін рәсімдеу барысында Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының талаптарын сақтау, мемлекеттік тіл нормаларының дұрыс қолданылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ, тілдік бірізділікті қалыптастыру болып табылады.

Іс-шараға мемлекеттік мекемелердің
қызметкерлері, мәдениет және тіл саласының мамандары, сондай-ақ, кәсіпкерлер мен ұйым өкілдері қатысты. Семинар барысында көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндерінде жиі кездесетін қателіктер, аударма сапасы, орфографиялық және стилистикалық нормалардың
сақталуы, маңдайшалар мен хабарландыруларды рәсімдеудің өзекті мәселелері кеңінен талқыланды.

Семинар-тренинг аясында «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Әсия Даниярқызы мазмұнды баяндама жасап, қатысушыларға көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендірудің маңыздылығын жан-жақты түсіндірді. Баяндамашы өз сөзінде мемлекеттік тілдің сауатты қолданылуы – қоғамдағы тіл мәдениетін қалыптастырудың негізгі көрсеткіші екенін атап өтіп, нақты
тәжірибелік мысалдар арқылы дұрыс
мәтін әзірлеу жолдарын көрсетті. Сонымен қатар, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, практикалық кеңестерімен бөлісті.

Сонымен бірге, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби қызметінде мемлекеттік тілдің рөлін арттыру мақсатында 2025 жылдың 20 қараша күні «Кәсіби коммуникацияда мемлекеттік тілдің рөлі» тақырыбында онлайн форматта эссе байқауы ұйымдастырылды. Байқаудың мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілде сауатты жазу дағдыларын дамыту, қызметтік хат алмасу мен ресми құжаттарды рәсімдеу барысында тілдік нормаларды сақтауға ынталандыру, сондай-ақ, кәсіби ортада қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту.

Эссе байқауына әртүрлі салада қызмет атқаратын мемлекеттік қызметшілер белсенді қатысып, өз ой-пікірлерін, кәсіби тәжірибесін және мемлекеттік тілдің қызметтік коммуникациядағы маңызын мазмұнды түрде баяндады. Байқау
қорытындысы бойынша «үздік» деп
танылған қатысушылар анықталып,
оларға дипломдар мен Алғыс хаттар табысталды.

Аталған іс-шаралар мемлекеттік тіл
саясатын жүйелі түрде жүзеге асыруға, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға және тілдік орта қалыптастыруға бағытталған кешенді жұмыстардың бір бөлігі
болып табылады. Ұлытау ауданының
Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі алдағы уақытта да мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге, тіл мәдениетін дамытуға және заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларды тұрақты түрде жалғастыратын болады.

Айнұр ӘБІЛХАЙЫРОВА,
Ұлытау ауданының Мәдениет
және тілдерді
дамыту бөлімінің бас маманы.