Мемлекеттік тілді дамыту – Қазақстанның әрбір азаматының борышы
Тіл – қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ол əрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл байлығы – əрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Демек, əр адам өзінің ана тілін, мемлекеттік тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз бұрмалануына қарсы тұруы тиіс.
Мемлекеттік тілдің жарқын болашағына ресми қарым-қатынас тілі жəне ресми іс-қағаздар тілі ретіндегі мəртебесі биіктейтініне сеніміміз мол жəне осы ортақ іске бəріміз бірлесе атсалысқанымыз жөн. Өз тілімізді сүйе отырып, өзге тілге де құрмет білдіруге тиіспіз. Қазақ тілін білу, оған құрметпен қарап, қадірлеу еліміздің əрбір азаматының асыл парызы. Мемлекеттік тіл, яғни, қазақ тілі — əлемдегі алты мыңға жуық тілдердің ішіндегі қолдану өрісі жағынан жетпісінші, ал тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдығы жағынан алғашқы ондықтар қатарындағы тіл. Сондай-ақ, ол дүние жүзіндегі ауызша жəне жазбаша тіл мəдениеті қалыптасқан алты жүз тілдің жəне мемлекеттік мəртебеге ие екі жүз тілдің қатарында тұр. Қазақстанда тұратын жүзден аса ұлт өкілдері Қазақстанның халқын, соның ішінде қазақ халқының тұрмыс-əдебиетін, əдет-ғұрпын, мəдениетін, əдебиетін, тілін білуі міндетті. Қасиетті қазақ тілінің мəртебесін көтеріп, одан əрі дамыту əр қазақстандықтың парызы, əрбір мекеме басшылары өз тарапынан, басқаруындағы қызметкерлерден іс-құжаттарының мемлекеттік тілде жүргізілуін талап етіп отырса, мекеме қызметкерлерінің де қазақ тіліне деген жанашырлықтарын оятып, қазақ тілінің мəртебесін өркендетуге болады деп ойлаймын.
Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде қастерлеп, үйрену – Қазақстанның барша азаматтарының парызы. Осы ретте, облысымыздың əрбір мемлекеттік мекеме басшылары, құзырына сəйкес талап-арыздарды жəне басқа да іс-қағаздарды сотқа тек қана мемлекеттік тілде жолдануына ықпал етсе, мемлекеттік тілдің дамуына қосқан зор үлес болар еді. Сауатты ұрпақ тəрбиелеу дегеніміз ол, өз ана тілінде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген, құрметтейтін ұрпақ. Ал ана тілін жақсы білмейінше сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын мол қолданбайынша, шын мəніндегі мəдениетті адам бола алмайды. Сондықтан бұл бағытта кешенді жұмыс атқаруымыз керек. Тіл тағдыры — ел тағдыры екенін еш уақытта ұмытпайық. Сондықтан мемлекеттік тілді білу – өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі.
Ендеше қасиетті тіліміздің, Ата Заңымыз айқындап берген мəртебесін асқақтату — Қазақстан Республикасының əрбір азаматының азаматтық парызы. Осы парызымыз мойнымызда қарыз болып қалмау үшін перзенттік борышымызға адал болайық!
Ұлытау ауданы мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімі.