Мемлекеттегі дін еркіндігінің кепілдігі – зайырлылық ұстанымы

Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық жəне əлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырғандықтан жəне адам, адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары оның қымбат қазынасы болып табылатындықтан ел азаматтарының өздері қалаған дінге сенуі не ешбір дінге сенбеуі олардың конституциялық құқықтарының қатарынан орындалады. Еліміздің Конституциясына сəйкес азаматтарды тегiне, əлеуметтiк, лауазымдық жəне мүлiктiк жағдайына, жынысына, нəсiлiне, ұлтына, тіліне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты, сондай-ақ басқа да жағдаяттар бойынша кемсiтуге тыйым салынған.

Конституцияның осы қағидалары дін саласын реттейтін қолданыстағы «Діни қызмет жəне діни бірлестіктер туралы» Заңының 3-бабының 1-тармағында мемлекеттің дін мен діни бірлестіктерден бөлінгендігімен айқын көрсетілген.

Конституциялық негіздегі «зайырлылық» ұғымы мемлекеттің дін саласында ашық əрі айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, дін мен мемлекеттік саясатты араластырмайтынын білдіреді. Яғни зайырлылықты атеизм, дінсіздік немесе дінді терістеушілік деп емес, мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуы деп түсіну қажет

Дін мемлекеттен бейтарап саналғанымен, рухани тірегі болып қала бермек. Бүгінгі таңда еліміздің ішінде оңды-солды тіркеліп, діни үгіт-насихат жұмыстарын екпіндете жүргізіп жатқан əртүрлі діни бағыттағы бірлестіктер мен көптеген жат миссионерлердің істері – халқымыздың, ұлтымыздың келешек болмысына, ата дініміздің бекіп өркендеуіне деген алаңдатушылығын туғызып отыр. Еліміздегі бүгінгі діни ахуал жағдайында бұрынғы өлшеммен жұмыс істеуге болмайтыны белгілі ақиқат.

Біздің Республикамыздың дінаралық келісім мен үн қатысудағы құнды тəжірибесі əлем назарына ілігіп отырғаны белгілі. Бүгінгі Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде діннің игілікті рөлі артып, оның имандылық, рухани жəне əлеуметтік функциялары күшейе түсуде, дінге сенушілердің, діни нанымдағылар мен діни бірлестіктердің сандары тұрақты өсуде. Олардың қоғамдағы ішкі саяси тұрақтылық пен ұлтаралық, дінаралық келісімді нығайтуға, қоғам мен мемлекеттің дамуына өз үлестерін қал-қадерінше қосып отырғандары бəрімізді қуантады. Біз конфессиялық сан алуандығымен ерекшеленетін əлемдегі азын-аулақ елдердің қатарына кіреміз.

Діннің мемлекеттен бөлектігі мемлекеттің дін істеріне араласудан бас тартуына тұғырланады. Мемлекетте барлық діндер тең құқылы жəне олардың бəріне бірдей талаптар қойылады. Мемлекеттік органдар заң бұзылмаған жағдайда діни бірлестіктердің ішкі істеріне араласпайды, өз кезегінде, діни бірлестіктер мемлекеттік қызметтерді атқармайды. Конфессиялық ерекшеліктер мемлекет тарапынан көмек немесе қолдау көрсетуге негіз болып табылмайды.

Зайырлы мемлекет азаматтық қоғамның құрамдас элементі ретіндегі діни бірлестіктердің қызметін заң шеңберінде реттеп отыратындықтан, ол дін субъектілерінен заңдар мен құқықтық нормаларды қатаң сақтауын жəне өз қызметтерін заң шеңберінде жүзеге асыруын талап етеді. Мемлекет пен қоғам үшін діни алауыздық пен тағатсыздықтың өршуі қаншалықты қауіпті болса, заңдардың, адам құқықтары мен бостандықтарының аяққа басылуы да соншалықты қауіп туғызады. Бірінші жағдай діни фанатизмді туындатса, екінші жағдайда құқықтық нигилизм өріс алады. Зайырлылық ұғымы өзара ынтымақтастық пен түсіністікке, ал зайырлы мемлекет ұғымы заңдылық пен құқыққа негізделгенде ғана мемлекеттілік пен ұлттық қауіпсіздіктің берік тұғыры қаланады.

Қорытындылай келе, зайырлылық ұғымдарын дұрыс түсіне алуымыз қажет. Өкінішке орай, қоғам арасында зайырлылықты дінсіз қоғам деп жүрген əсіредіншіл азаматтар жоқ емес. Зайырлылық ешқандайда дінсіз атеистік қоғам емес. Зайырлылық қағидаттары еліміздің демократиялық тіректері, осылайша, ұлтаралық, конфессияаралық келісімнің озық нəтижелеріне жете аламыз.

Мемлекеттің зайырлы сипаты – кез келген мемлекеттің заманауи, үдемелі дамуының негізі болып табылады.

Əліп ТҰРСЫНҒАЛИ,

дінтанушы,

Алматы қалалық ақпарат-түсіндіру топ мүшесі.