Мемлекет басшысы Премьер-Министр Олжас Бектеновті қабылдады
Ол экономикалық өсімді қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру бойынша Президент тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндады.
Биылғы қаңтар-қараша айларында жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,4 пайызды құраған.
Экономиканың өсіміне мұнайдан тыс салалардың дамуы есебінен қол жеткізілген. Соған қарамастан мұнайды игерудің болжамды көрсеткішінің орындалмауы экономика дамуының жалпы қарқынына әсер еткен.
Олжас Бектенов іскерлік белсенділікті одан әрі арттыру және аймақтардағы өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жұмыстарды күшейту жоспарын таныстырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс және көлік салаларындағы оң динамиканы сақтау бағытындағы жұмысты жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ инвестиция тарту, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, импорт алмастыру және әлеуметтік маңызға ие азық-түліктің бағасын тұрақтандыруды бақылау бойынша бірқатар тапсырма берді.