Мемлекет басшысы мініс жылқылардың отандық тұқымдарын сақтау туралы Заңға қол қойды

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мініс және мініс-жегін жылқылардың отандық тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

«AMANAT» партиясының жұмыс тобымен ұсынылған Заң жобасында «асыл тұқымды жануар» және «тұқым стандарты» ұғымдарына өзгерістер енгізілді. Осыған сәйкес асыл тұқымды жануарлардың фенотиптік және өнімділік көрсеткіштермен қатар, жылқылардың жұмысқа қабілеттілігіне, ептілігі, төзімділігі сияқты басқа да пайдалы қасиеттер «тұқым стандартына» жатқызылады. Қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары тек өнімді жылқы шаруашылығын қолдауға ғана бағытталған. Бұдан басқа, заңнамалық түзетулерге сәйкес отандық жылқы тұқымын сақтауға және өсімін молайтуға бағытталған іс-шараларды субсидиялау көзделген.

Заң жобасы асыл тұқымды жылқыны мемлекеттік деңгейде қорғап, қамқорлыққа алуды, сақтауды және өсімін молайтуды көздейді.
Сонымен қатар бұл Заң жобасы ат спорт түрлерін, нақтырақ айтқанда, жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, бәйге, көкпар секілді ұлттық спорт түрлерін насихаттауға және дамытуға мүмкіндік береді.