Мемлекет басшысы Ұлттық құраманың Олимпиададағы көрсеткіші туралы пікір білдірді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Твиттердегі» жеке парақшасында Токио Олимпиадасындағы Қазақстан құрамасының жетістігіне қатысты пікір білдірді. Қола жүлде алған спортшыларға алғыс білдірген Мемлекет басшысы өткен Олимпиададан сабақ алып, Парижде өтетін додаға тыңғылықты дайындалу керегін айтты.
«Токиода өткен Олимпиада ойындарына Қазақстаннан 93 спортшы қатысты. Жеңіске жету жолында бар күш-жігері мен шеберлігін көрсеткен атлеттерге алғысымды білдіремін. Олимпиаданың қола жүлдегерлерін құттықтаймын. Бұл ұзақ уақыт бойы жүргізген табанды жаттығулардың жақсы нәтижесі», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, ол жарысқа ел атынан 93 спортшы аттанғанын, әйтсе де, тек, 8 қола медаль алғанымызға тоқталып өтті. Президенттің айтуынша, бұл Қазақстанның спорттық мемлекет ретіндегі әлеуетіне кереғар келеді.
«Алайда, 8 қола медаль алып, жалпы командалық есепте 83-орынға табан тіреген Ұлттық құраманың бұл көрсеткіші Қазақстанның спорттағы әлеуетіне және мемлекет тарапынан спортты дамытуға бөлініп отырған мол қаражатқа сәйкес келмейді», — деген Президент енді Париж Олимпиадасына халық үмітін ақтайтындай нәтижеге қолжеткізу қажеттігіне тоқталып өтті.