Мемлекет басшысы Конго Республикасының Президентімен шағын құрамда келіссөз жүргізді

Қасым-Жомарт Тоқаев Дени Сассу-Нгессоға ілтипат білдіріп, оның бұл сапарының еліміз үшін тарихи маңызы зор екендігін жеткізді. Сондай-ақ екі ел байланыстарын дамытуға тың серпін беретінін атап өтті.

Дени Сассу-Нгессо құрмет көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Қазақстанның қазіргі саяси және экономикалық дамудағы жетістіктерін жоғары бағалады.

– Елдеріміз арасындағы дипломатиялық қатынастардың 25 жылдығы қарсаңында Астанаға келу – біз үшін зор мәртебе. Бұл сапар саясат, дипломатия және экономика салаларындағы байланыстарды одан әрі нығайта түсетініне, ал екі ел халықтарының достық қатынастарын жаңа деңгейге көтеретініне сенемін, – деді Конго Президенті.

Тараптар Қазақстан мен Конго арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың даму перспективаларын талқылады. Халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде жан-жақты пікір алмасты.