Мемлекет басшысы елдегі сәби өлімінің көптігіне алаңдаушылық білдірді

Үкіметтің басты міндетінің бірі – ана мен баланың денсаулығын сақтау. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үкіметтің басты міндетінің бірі – ана мен баланың денсаулығын сақтау. Өкінішке қарай, сәбилердің өлімі көбейді. Ана өлімі де өсуде. Мен перинаталдық қызметтің жай-күйін тексеруге тапсырма бердім. Оның қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылдануы керек еді. Бірақ, барлық жұмыс аудит деңгейінде тоқтап қалды», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, қазіргі перзентханалардың көбі халықаралық стандарттарға сай емес.

«Сондықтан шұғыл шаралар қабылдап, осы мәселені шешу қажет», — деді Қазақстан Президенті. Еске салсақ, Ұлттық статистика бюросы мәлім еткендей, биылғы бес айда елімізде 1 384 нәресте шетінеген .