Мектептерде соңғы қоңырау қашан соғылатыны белгілі болды

Еліміз бойынша биылғы оқу жылын 3,9 млн-нан астам оқушы қорытындылайды. Оның ішінде 217 мыңнан астам түлек мектеп бітіреді.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биылғы оқу жылының ресми аяқталуы жексенбі күнімен сәйкес келгендіктен, 11-сынып түлектері үшін салтанатты шара мектеп әкімшілігінің шешімімен 23 немесе 24 мамырда өткізіледі.

Ал соңғы оқу күні — 23 мамырда еліміздің барлық мектебінде «Білімім — Отаныма» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өтеді.

Сондай-ақ, Оқу-ағарту министрлігі барлық мектеп оқушыларының қауіпсіздігі мен тең жағдайын қамтамасыз ету мақсатында сән-салтанатпен іс-шаралар ұйымдастыруға, ақша жинауға, көлік жүргізуге, мектеп форматынан тыс мерекелік шараларды өткізуге кеңес берілмейтінін еске салды.