Медициналық қызмет сапасы – бақылауда

Өткен аптада Ұлытау облыстық мəслихатының VIII шақырылған кезектен тыс он бірінші сессиясы өтті. Сессияның күн тəртібіндегі бірінші мəселе денсаулық сақтау саласына қатысты болды. Мандат иелерінің бас жиынында облыстық мəслихаттың төрағасы Бауыржан ШЫҢҒЫСОВ халыққа медициналық қызмет көрсетуде ешқандай іркіліске жол беруге болмайтынын баса айтты.

Күн тəртібіндегі мəселе бойынша Ұлытау облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Лəззат Ранова баяндама жасады. Ол өз сөзінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жоғары технологиялық медициналық көрсетілетін қызметтерді жəне міндетті əлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмекті алу үшін Ұлытау облысында тіркелген Қазақстан Республикасының азаматтарына тұрақты тұратын елді мекеннен тысқары жерлерге тегін жол жүруді ұсыну туралы айтты. Аталмыш мəселені тұрақты комиссия отырысында егжей-тегжейлі талқылаған депутаттар бірауыздан мақұлдады.
Лəззат Нəбиқызы осы орайлы сəтті пайдалана отырып, мандат иелерінің назарын сапалы медициналық қызмет көрсетуге аударып, кезек күттірмейтін түйткілді мəселенің де түйінін тарқатты. Басқарма басшысы қаладағы инфекциялық орталықтағы компьютерлік тамография құрылғының істен шығуы жұмыстың жүйелі жүруіне кедергі болып отырғанын айтты.
Мəселенің анық-қанығымен танысқан мəслихат төрағасы Бауыржан Шыңғысов алдағы уақытта жаңа, сапалы құрылғыға қол жеткізу жайын қарастыру қажеттігін алға тартты. Сапалы қызмет – басты міндет екенін тілге тиек еткен төраға халықты медициналық қызметпен қамтуда іркіліске жол бермеуді баса айтты.
Кезектен тыс сессияда бұдан да өзге көптеген мəселелер қаралды. Атап айтқанда, Ұлытау облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Темірхан Жарылғасов пен Ұлытау облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Гүлнар Қошанованы басқа қызметке ауысуына байланысты лауазымдарынан босату туралы мəселе депутаттардың талқысына түсті.
Аталған мəселелерді жіті қараған халық қалаулылары оны бірауыздан мақұлдады. Ұлытау облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы лауазымына Айдар Байжановты уақытша тағайындау туралы мəселе де депутаттар тарапынан қолдау тапты. Одан бөлек, Азамат Байзатов Ұлытау облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі лауазымына тағайындалды.
Өз кезегінде қызметінен босаған лауазым иелері аз уақыт болса да бір мүддеге бірлесе еңбек етіп, нəтижеге қол жеткізгендерін атап өтіп, əріптестеріне ризашылықтарын білдірді.
Облыстық мəслихат төрағасы Бауыржан Шыңғысов жаңадан құрылған Ұлытау облысының дамуына, қазына қаржысын тиімді игеру турасында жемісті еңбек еткені үшін Темірхан Серғалиұлына алғысын білдіріп, марапат жасады.
Сессия соңында депутат Досбол Мейірбекке республикалық қоғамдық саяси газет редакциясынан келген «Қазақстан Республикасының Үздік депутаты» төсбелгісі салтанатты түрде табысталды.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.