Медицина саласының майталманы

Ауыл ағайындарының басы ауырып, балтыры сыздағанда жүгінетін жері – фельдшерлік – акушерлік пункт. Ондағы ақ желеңді жандардың еңбегі де ерекше. Қашан көрсең де сырқаттанған адамдарға көмек қолын созып, ем-домын жасап жатқаны. Ең бастысы, дəрігер емінің нəтиже беруі – ақ халатты абзал жандардың емдік шараларды сауатты да қалтқысыз орындауында ғана емес, науқаспен жиі қарым-қатынас жасап, олардың көңіл-күйіне əсер ететін жанкешті еңбегіне де тікелей байланысты.

Сондай өз кəсібіне берілген жанның бірі – Шеңбер ауылындағы ФАП меңгерушісі Қанипа Мағзұмова. Ол биыл қаңтар айында мерейлі 60 жасқа толды.
Қанипа мектеп қабырғасынан биология сабағын зор ынтамен оқыды. Мектепті тəмамдаған соң 1981 жылы Жезқазған қаласындағы медициналық училищесіне түсіп, 1983 жылы фельдшерлік мамандығы бойынша диплом алып шығады. Еңбек жолын аудандық Ұлытау ауруханасында медбике болып бастайды. Кейіннен туған жері Шеңбер ауылына келіп, аға медбике қызметін атқарды. Уақыт өте келе аурухана жабылып, заман ағымына сай фельдшерлік-акушерлік пунктке айналғанда соның меңгерушісі болды. Осы күнге дейін Шеңбер ауылдық округіндегі ФАП тізгіні Қанипа Бəжікқызының қолында. Содан бері денсаулық сақтау саласында еңбек еткеніне 40 жылдан асты.
Бүгінде өзінің мол тəжірибесін медицина саласына жұмсап, халыққа қызмет жасап жүрген білікті маман. Гиппократ антына да, өз арына да адал болуы үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан абзал жанның бірі. Мінезі ашық, жан-жағындағы үлкен-кішіге жақын жүретін жан. Дəрігерге мұқтаж жандар қиналғанда жанынан табылып, оған күш-қуат пен үміт сыйлауды алдыңғы орынға қойған дəрігер. Жауапкершілікті толық сезінген ол жұрттың алғысына бөленіп жүргені. Адамдардың ықылас-ниеті, алғысы, ақ батасы оған бəрінен де қымбат.
Оның бойында мейірім, еңбек, адалдық секілді медицина маманына тəн шарттылық қалыптасқан. Əсіресе, бəрінен бұрын дəрігерге ең қажеттісі шыдамдылық десек, сол шыдамдылық Қанипаның бойынан табылады. Ешқашан өз жұмысын ауыр деп айтқан емес. Өйткені, бұл кəсіп Қанипаның жүрек қалауымен таңдаған мамандығы. Сондықтан, ол қызметін жауапкершілікпен атқаруды бірінші орынға қойған адам. Ауылдықтардан «науқастандым» деген хабар түссе қақаған аязына, қалың қары мен алай-түлей боранына да қарамай шипалы емін қолданып жатқаны. Бұл да Қанипаның өз мамандығына деген зор жауапкершілігі болар. Бүгін сол төккен тері далаға кетпеді. Сан рет аудандық медицина бірлестігінің марапатына, аудан əкімінің Алғыс хатына, Құрмет грамотасына да ие болды. Əлі де еңбегі еленіп, тиісті марапатпен айшықталып жатса ол да артық емес. Өйткені, Қанипа Бəжікқызының ауыл медицинасына сіңірген еңбегі орасан.
Бір өкініштісі, өмірлік серігі Сағаттан қапылыста айырылып қалғаны оның жанына қатты батты.
Сонда да Қанипа сабырлы қалпынан таңбай іштегі қайғы мен мұңын, қасірет пен шерін үнсіз ғана жүрегіне сақтады. Жаны жаралы болса да алға ұмтылды. Сол баяғы байсалды қалпынан танбады. Жұбайы қайтыс болғаннан кейін бар ауыртпалық оның өз мойынына түссе де еш уақытта мойымады. Еңсесін тіктеп, заман көшіне ілесті. Жаратылысынан өткір, алғыр жан, қайсарлық танытты. Жасымады, жабырқамады. Үш қызы мен екі ұлын өсіріп, ер жеткізді. Ешкімге тəуелді болмады. Бүгінгі күні бала-шағасының ортасында немере сүйіп отырған бір əулеттің аяулы əжесі. Біз де қайсар жанның еңбегіне риясыз ықыласымызды білдірдік. Себебі, адам жанына араша сұрайтын дəрігердің еңбегі шынымен өлшеусіз.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.