Медиация – келісім тетігі
Жуырда АМАNАТ партиясының аудандық филиалында «Медиация – дауды шешудің заманауи үлгісі» тақырыбында аймақтық кəсіби медиатор Жұлдыз ЕСМУРЗИНА мен Жезқазған қаласы бойынша адвокаттар алқасының меңгерушісі Орынбасар ТАСТАНБЕКОВТЫҢ қатысуымен дөңгелек үстел өтті.
Маңызды шараға аудан əкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек, аудандық мəслихат депутаты Марфуға Əбілдина, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Каренов, Ұлытау селосы бойынша медиатор Есенғали Əбжамалов жəне БАҚ өкілдері қатысты.
Жүздесу барысында медиатор Жұлдыз Есмурзина медиация қағидаттары аясында əңгіме өрбітті. Алдымен, «Медиация туралы» Заң дауға түскен тараптардың келісімі негізінде іске асырылатындығын тілге тиек етті. Сонымен қатар, медиация тараптарының тең құқылығы, медиатордың тəуелсіздігі мен бейтараптылығы басқалардың медиация рəсіміне араласуға жол берілмейтіндігі, оның құпияны қатаң сақтайтындығы жəне сотқа дейінгі реттеуге оңтайлы құқықтық жағдайлар құру қажеттілігі туралы нұсқауларды түсіндірді. Осындай тəртіппен «Медиация туралы» Заңның мазмұнын толық түсіндірген медиатор кездесуге қатысқандардың тақырыпқа сəйкес қойылған сауалдарына тұщымды жауаптар қайтарды.
Дөңгелек үстел басына жиналғандар өңірдегі дауларды шешуде медиатордың араласуымен бірқатар істердің оң сипатта шешілгендігін тілге тиек етті. Олар медиацияның заманға қажеттілігін атап өтіп, қоғамға барынша тиімді заң талаптарын жүзеге асыру ісіне атсалысуға дайын екендіктерін мəлімдеді. Салиқалы сөз қозғалған басқосуда Жұлдыз Ахметжанқызына ұлытаулықтар шынайы алғыстарын білдірді. Əңгіме барысында аудан əкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек те кəсіби медиатордың толымды əрі көңілге қонымды əңгімесі үшін ризашылығын білдіріп, қызметіне сəттілік тіледі.
Өткенге үңіліп, тарихқа жүгінсек, бітімгерлік – қазақтың қанында бар қасиет. Кемеңгер халқымыздың жер дауы, жесір дауын оңды шешкені туралы барлығымыз жақсы білеміз. Бабаларымыздың бəтуалы жолымен ердің құнын кешкені тағы бар. Ал, бүгінгі медиация бұл – елді бітімгершілікке шақыратын институттың баламасыз нұсқасы.
Нақты айтқанда, бітімгершілік қазіргі тілмен айтқанда – медиация.
Қайрат ЖҰМАБАЙ