Медиация – дауды шешудің балама түрі

Қазіргі таңда ха­лықтың аузынан, бұқаралық ақпарат құралдарының бет­терінен «Медиация» сөзі түспейді. Алайда, «Медиация» сөзінің мағы­насын қарапайым халық толықтай түсіне бер­мейді. Себебі, бұл ұғым біздің қоғамға енді ғана еніп жатыр. Осы сөздің мән-мағынасын толығы­рақ түсіндіріп өткім келеді.
Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев Судьялар одағының V съезінде сот тәртібімен қаралуға жа­татын дау-дамайларды азайту мәселесіне назар аударуды, соттан тыс реттеудің баламалы тетіктерін, соның ішін­де бітімгершілік және медиация процедурала­рын енгізуді тапсырған болатын.

Осыған орай, 2011 жылдың 28 қаңтарында ҚР-ның «Медиация» туралы Заңы қабылданды. Аталған Заңға сәйкес Қазақстан­да дауларды баламалы шешудің жаңа түрі – медиация енгізіл­ді.
Медиация – өзара қолайлы шешімге келу мақсатында меди­атордың бейтарап жақ көмегімен тараптар арасында дауды (шие­леністі) реттеу тәртібі.
Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі. Ұлы қазақ даласының билігінің белгілі дара тұлғалары – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бастаған дана билердің ел арасындағы кез келген дауды бітімгершілік жолымен шешіп, халқымыздың бірлігін, ауызбір­шілігін, тұтастығын сақтауға үл­кен рөл атқарғаны баршамызға белгілі.
Медиация туралы заңы­мыздың аты бөлек болғанымен қазақ халқы үшін жат дүние емес. Халқымыздың дарабоз билерінің дәстүрлі билік жүргізу тәсілінің заңды жалғасы.
Медиациялық тәртіптің мақ­саты – тараптардың шиеленіс деңгейін төмендету және даудың екі жақты да қанағаттандыратын шешіміне қол жеткізу.
Медиация­ның тараптары жеке және заңды тұлғалар болуы мүмкін. Меди­атор медиация тарабы болып табылмайды.
Медиация сотқа дейінгі тәртіпте және азаматтық, еңбек, отбасы, басқа кұқықтық қатынастардан туындайтын дау­ларда, жеңіл және орташа ауыр қылмыс туралы істер бойынша қылмыстық іс барысында қара­стырылатын дауларда қолданы­лады.
Медиатор басшылыққа ала­тын негіз болатын 5 қағидамен ерекшеленеді – еріктілік, тарап­тардың тең құқылығы, медиатордың тәуелсіздігі және бей­тараптығы, медиация рәсіміне араласуға жол берілмеуі, құпи­ялылық.
Медиацияның ар­тықшылықтары: тараптар уақы­тын үнемдейді, себебі, сот рәсіміне қарағанда бұл рәсім әлдеқайда қысқалау; мемлекет­тік баж салығы төленбейді және адвокаттың қымбат тұратын қыз­меті керек емес.
Жоғары білімі бар, жасы 25-тен асқан, 2011 жылғы 3 шілдедегі ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітіл­ген ережелерге сәйкес келетін медиаторларды даярлау бағдар­ламасы бойынша оқыған тұлға кәсіби медиатор бола алады. Ол кәсіби медиаторлардың реестрін­де тіркелуі тиіс.
Жасы қырыққа жеткен және кәсіби емес медиа­торлар реестрінде тіркелген тұлға кәсіби емес медиатор бола алады.

Ақнұр ДОМБАЕВА,
Ұлытау аудандық сотының
сот әкімшісі басшысы.