Медиация — бітімге бастар жол
Медиация дауды сотқа жеткізбей реттеу үрдісі ретінде өткен ғасырдың 60-шы жылдарында ең алғаш англо-саксондық құқықтық елдер: АҚШ, Ұлыбритания, Австралияда, содан кейін Франция, Бельгия, Германияда пайда болған. Бүгінгі күнде медиация əлемде түрлі жағдайларда ауқымды бизнес дауларынан бастап некені бұзу кезіндегі дүние-мүлікті бөлу дауларына дейін кеңінен қолданылады. Халықаралық статистикаға сəйкес, медиация арқылы барлық даудың 30-40 пайызы жүргізілетін болса, оның ішінде 85 пайызы оң нəтижесін береді. Мысалы, Қытайда даулардың 20 пайызы татуласу үрдісі арқылы шешімін табады.
2011 жылдың 5 тамызынан бастап Қазақстан Республикасында «Медиация туралы» Заң əрекет етеді. Заңға сəйкес, медиатор – тəуелсіз, бейтарап, екі жақпен таңдалатын, дауды талқылау барысында тараптардың өздеріне шешім қабылдауға көмектесетін жеке тұлға. Ол заңда көрсетілген медиация құралдары мен əдістерін таңдауға ерікті. Медиатор медиацияны екі жақтың қызығушылығын ескере отырып өткізуге, медиация үрдісіне тараптардың теңдей қатысуын қамтамасыз етуге жəне бейтарап болуға міндетті. Медиатордың бейтарап болуына кедергі келтіретін жағдайлар туындағанда ол медиацияны жүргізуден бас тартуы тиіс. Қазақстан Республикасының заңдарында көрсетілген жағдайлардан басқа жағдайларда медиатордың медиацияны жүргізу əрекетіне араласуға жол берілмейді. Медиация қатысушылары медиация үрдісі барысында өздеріне белгілі болған мəліметтерді осы мəліметтерді ұсынған медиация қатысушыларының жазбаша түрдегі рұқсатынсыз жариялауға құқықтары жоқ.
Медиация үрдісі барысында медиатор тараптардың əңгімелесуін ұйымдастырып, олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді, тараптарды жекелеп жəне бірге тыңдап дауды шешудің балама жолдарын табуға көмектеседі. Дауды қарау нəтижесінде əрбір дауға қатысушының қызығушылығының қанағаттандырылуы ескеріле отырып шешім тараптардың өздерімен қабылданады.
Ақмаржан ҚАЛЕКЕНОВА,
Ұлытау аудандық сотының бас маманы.