Медиа-мектеп — тәлім-тәрбие ошағы

Ақпараттандыру технологиясы барынша дамыған қазіргі таңда, жастарымыздың оны жетік меңгеруінің маңызы аса зор. Өскелең ұрпақты бұл бағытта тәрбиелеу, мектеп қабырғасынан-ақ бастау алғаны абзал. Бұл-заман талабы!

Өткен жылдың соңына таман аудан орталығындағы Өнер мектебінің жанынан медиа-мектеп өз есігін айқара ашқан болатын. Сол уақыттағы аудан әкімі Берік Әбдіғалиұлының тікелей қолдауымен ашылған медиа- мектеп, шығармашыл дарынды оқушылардың талабын ұштап, болашақ тележүргізушілер мен операторлар, монтаждаушылар мен дыбыстаушылар, тележурналистер, тағы сол сияқты мамандықтарға баулитын болады.

Медиа-мектеп қажетті заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Телеарналардың болашақ мамандарының алғашқы әліппесін үйретіп, телетехнологияны меңгеруге баулитын үйірме бұл. Бір ерекшелігі медиа-мектепте аудан орталығының ғана емес, аудан аумағындағы ауыл мектептерінің оқушылары да қашықтықтан дәріс ала алады. Ашылғанымызға аз ғана уақыт өтсе де Қоскөл ауылында жаңадан ашылған «Ертөстік» балабақшасында, Жезді мектеп-интернатында болып, телехабар әзірледік. Үйірмеге қатысушы балалардың үйренуге деген ынта-ықыластары қуантады мені-, дейді жетекшіміз Думан Рахымжанұлы қуанышын жасыра алмай. Ұлт ұясы атанған қасиетті Ұлытауда медиа-мектеп ашу қуанарлық та қолдарлық бастама! Ауданымыздағы жылт еткен жаңалықтар мен оң өзгерістерді назардан тыс қалдырмайтын медиа-мектеп оқушыларына сәттілік пен табыс, жаңашылдық тілейді ел.

Таланттарың ұшталып, дарындарың дами берсін, Ulytau media school медиа-мектеп шәкірттері!

Аяла САРТАЙ,

№2 Қорғасын орта мектебінің 9-сынып оқушысы,

Ulytau media school тілшісі.