«Медбраттан» – фельдшерге

Медбике мамандығы – алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін әлеуетті мүмкіндігі орасан қызметтің бірі. Қазір денсаулық саласындағы маңызды мәселе – жоғары білікті медбике мамандарын дайындау. Оларға білім мен біліктіліктен бөлек, ойлау, ұйымдастырушылық қабілет, белсенділік мен мобильділік қажет етіледі. Міне, осындай талаптар деңгейінен көрініп жүрген мерейлі мамандық иелері біздің ауданымызда да аз емес.

«Медбике» деген сөздің астарына қарап, бұл мамандық тек бұрымдыларға ғана тән деп қабылдау қате түсінік. Қазір емдеу мекемелерінде осы салада еңбек етіп жүрген жігіттер де баршылық. Солардың бірі – Терісаққан ауылындағы ФАП фельдшері Қасиет ҚАЗЫҚАН.

– Мен 2012 жылы Жезқазған медициналық колледжіне фельдшер мамандығы бойынша оқуға түстім. Әрине, бір қараған адамға, фельдшер, медбибі мамандығы аса қиындықсыз кәсіп көрінуі мүмкін. Ал, шын мәнінде, олай емес. Медбикелер – шеберлік пен білімді ұштастырған, жан-жақты, күтім процесіне толығымен жауапты, мейірімділік көрсетуге тиіс жандар. Қазіргі уақытта медбикелер ісін модернизациялау жұмыстарының қарқыны жоғары. Бүгінгі медбикелер мен медбраттарды тек дәрігердің айтқанын орындаушы деп түсінуге болмайды. Олардың міндеті – адамдарды, отбасыларды, халықты психикалық, физикалық, әлеуметтік мүмкіндігін жүзеге асыруға үйретіп, дағдыландыру. Үш жыл оқығанда мен осыны жадыма тоқыдым.

2015 жылы колледжді бітіріп, Терісаққан ауылындағы теміржол станциясы медпунктіне медбрат болып орналастым. Шағын ұжым, шалғай ауылдың өзіндік проблемалары аз болған жоқ. Оқуды жаңа бітіріп келген жас маманға ол үлкен өмір мектебі де болды. Айналасы екі үш жылда азды-көпті тәжірибе жинақтадым десем болады.

2018 жылы Терісаққанға фельдшер керек болып, мені соған ауыстырды, – дейді Қасиет Смайылұлы.

Оның айтуынша, қазір 290 адам – тіркеуде, 58-і түрлі сырқаттар бойынша есепте тұр. Дені – қант диабеті мен артериялық қанқысымы кеселіне шалдыққандар.

– Қазір ауылдың жағдайы жақсарған. Оны бала туу деңгейінен-ақ аңғаруға болады. Бүгінгі күні шағын ауылда 1 жасқа дейінгі 11 сәби бар. Жеті әйел – жүктілікпен дәрігер бақылауында. Мұның сыртында 14 жасқа дейінгі 84 баланы да уақытылы қарап, екпе, басқа да дәрігерлік ем-домдар жасап отырамын, – дейді Қасиет Қазықан.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ

ТЕРІСАҚҚАН ауылы.