Маусымдық қымбатшылыққа – жәрмеңке тосқауыл
Жеміс-жидектер мен көкөністердің бағасы қолжетімді болу үшін облыс орталығындағы жәрмеңкенің санын көбейту қажет. Бұл ретте Берік Әбдіғалиұлы аппарат жиынында Жезқазған қаласының әкіміне арнайы тапсырмалар жүктеді.
Кеңесте баяндама жасаған Ұлытау облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысы Жеңісбек Ахметовтің айтуынша жыл басынан бері Ұлытау облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының 13 түрінен бағаның өсуі анықталып отыр. Салдарынан біздің өңір республика бойынша қымбатшылық тұрғысынан алғашқы орында.
Ұлытау облысында 10 мамырдан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің шекті мәнін асырып сатқан және тауарлардың бағаларын көрсетпеген 23 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Одан бөлек, Жезқазғанда өнімдерді «Ұлытау» ӘКК-ның тұрақтандыру қорынан арзан бағада алып, үстеме баға қосып сатқан 4 кәсіпкердің заңбұзушылығы анықталды.
Жоғарыда аталған мәселелерге қатысты өңір басшысы қала әкімдеріне тұрақтандыру қорынан берілетін азық-түлік өнімдеріне мониторингті және «Ұлытау» ӘКК-мен жұмысты күшейтуді тапсырды. Одан бөлек Берік Әбдіғалиұлы облыс орталығының әр нүктесінен орын белгілеп, жәрмеңке санын көбейту – тұрғындар үшін бағаны қолайлы ететінін жеткізді.
«Қазір – көкөністер мен жеміс-жидектің маусымы. Қаланың бір ғана емес, бірнеше нүктесінде облыстық жәрмеңкені көбейту қажет. Бұл – кәсіпкерлер үшін де тұрғындар үшін де қолайлы болмақ. Жәрмеңке аптасына бір рет өткізіліп тұруы керек» – деді Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы өз сөзінде.