Машбюроның машығы 

Әзина БИШЕНОВА жайлы бір үзік сыр

Уақыт шіркін жылдам ғой. Ұшқан жебедей зымырап жатқан уақытты айтамын. Алғашқы саны «Большевик туы» деп аталып, қырқыншы жылдың аяғында «Сталин жолы», елуінші жылы «Коммунизм туы» болып жарық көрген кешегі – «Ұлытау өңірі» бүгінгі – «Ұлытау» газетіне 80 жыл толып отыр. Бүгінгі ақпарат – ертеңгі тарих деген осы емес пе?!

Газеттің мерейтойы қарсаңында бұдан бұрын қызметтес болған жандар көз алдымызға келеді. Оның біразы сырт көзге көріне қоймайтын еңбектері елене бермейтін қызметкерлер тобы. Нақты айтқанда, газеттің қара жұмысын атқаратын солар. Бірақ өмірде өз кәсібін, өмірлік арнасын адаспай тапқан сол адамдардың да еңбек жолы мағыналы. Бір салада бір мамандық бойынша еңбек еткендері де бар. Солардың бірі – «Ұлытау өңірі» газетінде ұзақ жыл терімші (машинистка) болып қызмет жасаған Әзина Бишенова. Ол кісінің еңбек жолы аудандық редакцияда өтті. Зейнеткерлікке де осы жерден шықты.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп дана халық бекер айтпаса керек. Әзина апайдың жанарына мейірім, жанына ізгілік пен жақсылық тұнған кескін-келбеті, үнемі жадыраңқы қалыпта болатын. Жібектей есілген майда жұмсақ мінезі көпшілікке ұнайтын. Ұзақ күн бойы жалғыз өзі отырып, тілшілердің материалдарын машинкамен теретін. Сонда да ешуақытта қабақ шытқанын бір көрмеппіз. Қашан да жүзі жайдарлы, жарқын қалпында жүретін. Ол кезде қазіргідей компьютер де жоқ. Барлық материалдар машинкамен теріліп, жұмыстың ауыры Әзина апайға түсетін.

Дегенмен, Әзина апай еңбекқорлығының арқасында шыдауындай шыдады. Табаны күректей 40 жыл еңбек етті. Сол кезде байқағаным, ол кісі өте төзімді еді. Тіпті кейде жұмысқа ерте келіп, кеш қайтатын күндері де көп болды. Сонда да Әзина апай шаршау дегенді білмеуші еді. Ертеңіне думанды кештен оралғандай, сергек қалпымен шаруасына кірісіп кететін. 

Бүгінде Әзина апай көпшіліктің сый-құрметіне бөленген жан. Ұл-қыз өсіріп, немере сүйіп отырған бақытты шаңырақтың әжесі. Еңбекте де, отбасында да үлгі болған осындай жанның адами қасиетін, еңбекқорлығын жұртшылыққа жайып, танытудың өзі ләзім емес пе?!

Қайрат ЖҰМАБАЙ