Маралтай Райымбек: «Әділ сайлау өтіп жатыр деп айта аламыз»
Алматының №322 сайлау учаскісінде белгілі ақын Маралтай Райымбек дауыс берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Ақын Алматы халқының белсенді түрде дауыс беріп жатқанын және өзінің бүгін дауыс беруді парызы санайтынын айтты.
«Бүгін отбасымызбен сайлау учаскесіне ертерек келуге тырыстық. Сөйтіп өз таңдауымызды жасадық. Осылайша ел тізгігін ұстайтын тұлғаға даусымызды бердік. Біз әрқашан жанұямызбен ел тағдырын шешетін елеулі дүниелерге атсалысып келеміз. Бұл жолғы сайлаудың да жөні бөлек. Бұрынғысынан өзгерек болып жатыр. Сондықтан әділ сайлау өтіп жатыр деп айта аламыз»,- деді Маралтай Райымбекұлы.
Ол сондай-ақ халықтың Алматыда белсенді түрде дауыс беріп жатқаны қуантатынын атап өтті.
«Осыған дейін талай мәрте саяси науқандарға араласып жүрміз. Алматы әрқашан ел тағдырында маңызды орында тұрады. Сайлаушылардың қатары бозғылт таңнан бастап белсенді. Сайлауға келушілер қатары көп. Ел-жұрт өз таңдауын жасауда. Әрине көпшіліктің осындай белсенділігі қуантады. Бүгінгі заман да, уақыт та өзеруде. Әркім өзінің сайлау кезіндегі үлесі бар екенін біледі. Сонымен бірге өз жауапкершілігін сезінеді. Сондықтан да елдің бәрі бір кісідей атсылып жатыр», – деді ол.