Құмар ойын құрдымға кетіреді

Бүгінде елімізді құмар ойындарынан келетін қауіп үлкен мəселеге айналып отыр. Мұндай ойын түрлері күн өткен сайын түрленіп, қоғамға келтіретін зияны да ұлғайып келеді.

Лудомандар – құмар ойынның шырмауына түскен адамдар. Казино мен букмекерлік компаниялар жұмысы барынша қарқынды дамыған кезден бері «лудомания» деген термин кеңінен қолданыла бастады. Аурулардың халықаралық классификациясы бойынша лудомания аурулар тізіміне енгізілген. Құмар ойынның соңына түскендер дүние-мүлкінен айырылғаны өз алдына, ажырасып, дымсыз қалып жатады. Мұндай жағдай Қазақстан қоғамына да таңсық емес. Ойынқұмарлардың көбеюі салдарынан елімізде лудомандарды емдейтін арнайы орталықтар да ашылған.
Жалпы, құмар ойындарының зардабы елдің дамуына кері əсерін тигізіп, адамның кері кетуіне ықпал ететіндігін нақты ұғынуға тиіспіз. Ел болып, бесігімізді түзетеміз десек, жастарымызға бұл дерттің зиянын барынша ұғындыруымыз қажет.
Лудоманияның кесірінен еліміздегі отбасы институты күйреуде. Сарапшылардың айтуынша, ерлі-зайыптылардың ажырасу фактілерінің жиілеуіне де құмар ойын əсер етіп отыр. Атап айтқанда, ажырасу оқиғаларының 40%-ы ерлі-зайыптылардың бірінің жеңіл ақшаға құмартуының салдарынан болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында халық арасындағы құмар ойынға тəуелділік мəселелері жан-жақты талқыланған болатын. Ел Президенті өз сөзінде: «Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тəуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды. Лудоманияға қарсы күресте тəрбиеісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мəн берілуге тиіс», – деп атап өткен болатын.
Сөз соңында құмар ойынның құмарлығынан шыға алмай, құрдымға кеткен талай жас көз алдымызда. Бұл дерт күн өткен сайын қанатын жайып, өмір шырғалаңында талайларды шырылдатты. Қоғамдық дертті, қоқысқа тастайтын уақыт жетті. Уақыт өткен сайын жастарымыздың санасын улап, құрдымға түсіруде. Мəселені уақыттың еншісіне қалдырмай, тиісінше дұрыс əрекет жасап, жастарымызға құмар ойындарының орға жығатынын ұғындыруымыз қажет.

Ақнұр ДОМБАЕВА,
Ұлытау аудандық соты сот əкімшісінің басшысы.