Малшы мерейі – ел мерейі

Тамыз айының соңғы күндерінде Ұлытау ауданының шалғайындағы Мибұлақ ауылдық округінде дәстүрге айналған шопандар тойы төртінші мәрте ұйымдастырылды. Жетіқоңыр құмын дүбірге бөлеген той елдің еңсесін тіктеп, еңбек қадірін дәріптеген мерекеге айналды.

Мерекенің шымылдығын ауыл әкімі Тұрсынбай Ернияз ашты.
– Малшы – біздің тірегіміз, ауылдың ырысы мен берекесі. Бүгінгі той – елдің ынтымағын бекемдейтін, еңбек адамының мәртебесін көтеретін мереке. Бұл дәстүр сабақтастығы үзілмей, келер ұрпаққа аманат болып қалсын, – деген ол ауыл тұрғындарына өзінің ізгі тілегін арнады.
Ал аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сағади Обайдуллин тойға арнайы келіп, аудан әкімі мен аудандық мәслихат төрағасының ыстық сәлемін жеткізді.
– Мибұлақ – малға бай, еңбегімен елге үлгілі ауыл. Бүгінгі дәстүрлі той – бірліктің айғағы. Еңбегімен елді алға сүйреп жүрген барша малшыларға алғысымыз шексіз, – деді ол.
Жетіқоңырдың төсінде ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, ас берілді. Ұлттық ойындардан арқан тарту, қол күрес, қазақша күрес ұйымдастырылды. Боз кілемде балуандар белдессе, аламан бәйге мен құнан жарыста жүйріктердің шабысы сынға түсті. Ән мен күй шалқып, мың бұрала би көрерменді сүйсіндірді.

Аламан бәйгеде Ислам Байсаметұлы (1-ферма) бірінші болып келсе, Құнан бәйгеде Мәди Қабдешұлы (3-ферма) топ жарды.
Тай жарыста Шерхан Жетпісбай (1-ферма) озық шықса, қазақша күресте Айзат Дәулетұлы (1-ферма) қарсыластарын қапы қалдырды.
Мереке барысында озат еңбеккерлер марапатталды. Олардың бірқатары Ұлытау облысы әкімінің Құрмет грамотасын иеленсе, енді бір тобы ҚР Ауыл шаруашылығы кәсіподағының «Еңбек даңқы» төсбелгісімен, тағы бір тобы ҚР Фермерлер қауымдастығының төсбелгісімен марапатталды.
Төсбелгілерді тапсырған Қанат Сатыбалдин де еңбек адамының қадірі жайлы жүрекжарды лебізін білдірді.
Орайы келгенде айта кетейік, 1982 жылы құрылған Мибұлақ ауылдық округі – Ұлытау ауданындағы шалғай елді мекендердің бірі. Халқының саны бүгінде 583 адамды құрайды. Негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Округ бойынша 13 363 бас ірі қара, оның ішінде 7 281 аналық сиыр, 11 330 жылқы, 18 944 қой-ешкі, 70 түйе бар. 139 шаруа қожалығы еңбек етіп, ауыл ырысын еселеп келеді.
Мибұлақтағы шопандар тойы алғаш рет 2022 жылы өткен. Содан бері дәстүр үзілмей, әр ферма кезектесіп ұйымдастырып келеді. Биыл тойды 2 және 3-фермалар бірлесе өткізді. Келер жылы думан тізгіні 4-фермаға беріледі.

Жылқы сойып, ас берген фермалардың ұйымшылдығы елге үлгі болды. Дәстүрге айналған бұл мереке – малшы еңбегін ұлықтаған, ауыл абыройын асқақтатқан, елді берекеге бөлеген думан болып есте қалды.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.