Мал тасымалы туралы не білесіз?

Қазақстан Республикасы 2017 жылдың 25 мамырынан бастап Бүкіләлемдік жануарлардың денсаулығын қорғау ұйымының тарапынан вакцина қолданылатын (буферлік) және қолданылмайтын (таза) аймақтарға (зона) бөлінген аусыл ауруы бойынша қолайлы мемлекет ретінде танылды. Халықаралық эпизоотиялық бюросымен белгіленген талаптарға сай Қазақстан Республикасы аумағы аусыл ауруы бойынша таза болып келеді.

Аусыл бойынша вакцина қолданылмайтын қолайлы аймаққа: Атырау, Батыс Қазақстан, Манғыстау, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола облыстары жатады.

Аусыл бойынша вакцина қолданылатын қолайлы аймаққа: Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары (Шымкент қ.) кіреді.

Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы аумағында аусылға бейім ауыл шаруашылығы жануарларын (ірі қара, қой-ешкі, шошқа, түйе) вакцина қолданылатын аумақтан вакцина қолданылмайтын аумаққа орын ауыстыруға (тасымалдауға) тыйым салынады.

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер (Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения) мен бұдан басқа шетелдердің эпизоотиялық ахуалы әртүрлі болуына байланысты, аудан аумағында эпизоотиялық ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында КазАгро институттары арқылы сырт мемлекеттерден әкелінетін ауылшаруашылығы жануарларына несие алатын жеке және заңды тұлғаларға, шаруа қожалықтарының иелеріне төмендегіні ескертеміз!

Шет елдерден аудан аумағына әкелінетін ауылшаруашылығы жануарларының әрбір партиясы мен жүру бағыты Ұлытау аудандық аумақтық инспекциясының ұсынысы арқылы Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау Комитетінің келісімімен жүзеге асырылады. Рұқсатсыз эпизоотиялық ахуалы қолайсыз аймақтардан (алыс-жақын шет елдерден) ауылшаруашылығы жануарлары және аусылға бейім ауылшаруашылығы жануарлары (ірі қара, қой-ешкі, шошқа, түйе) вакцина қолданылатын аумақтан орын ауыстырылатын (тасымалданатын) болса, дереу кері қайтарылады немесе межелі орнында жойылады.

Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы №7-1/700 бұйрығымен бекітілген «Жануарларды карантиндеу қағидаларының» 3-тармағының 4-тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы ішінде вакциналанған саламатты аймақтан вакциналанбаған саламатты аймаққа жануарларды әкелу, сатып алу, орнын ауыстыру, келтіру жүзеге асырылмайды.

Заң талаптарын бұзған жағдай анықталғанда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 406 бабына сәйкес айыппұл салынады, осы заңсыз әкелген малдардан инфекциялық аурулар анықталып, сол себепті жергілікті жерлердегі малға жұғатын болса Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 327-бабына сәйкес, эпизоотиялық аурулардың таралуына жол бергені үшін — үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу, не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Осыған байланысты, аудан көлемінде орын ауыстырылатын (тасымалданатын) жануарларға бақылау және қадағалау жұмыстарын күшейту мақсатында кез-келген сырт мемлекеттерден және басқа облыстардан ауыл шаруашылығы жануарларын тасымалдау жоспарланған жағдайда жеке және заңды тұлғалар (Ұлытау ауданының ауыл шаруашылығы бөлімі, ауылдық округ әкімдері мен ветеринариялық пункт дәрігерлері) міндетті түрде «ҚР АШМ ВБҚК Ұлытау аудандық аумақтық инспекциясы» мемлекеттік мекемесімен хабарласуын сұраймыз.

Мекенжайымыз: Ұлытау селосы, Бұлқышев көшесі — 30 үй, телефоны 8 (71035) 21188.

Мереке НҰРМАҒАНБЕТОВА,

ҚР АШМ ВБҚК Ұлытау аудандық аумақтық инспекция басшысы,

ауданның бас мемлекеттік ветеринариялық санитариялық инспекторы.