«Мал төлдеп, қорада шу…»
Төрт түлік мал басын көбейту – ауыл шаруашылығының басқа салаларына қарағанда жыл он екі ай бойы тынымсыз тірлікті қажет ететін, қиындығы мен жауапкершілігі мол еңбек. Осындай жауапкершілік жүгі артылған шаруалар қауымы үшін мал қыстату – ең жауапты кезең. Өйткені, қыстан күйлі шыққан мал көктемгі төл алу кезінде қиындық тудыра қоймайды.
Сәуір айы аздап «мінез» көрсетті. Шамасы, «кәрі құда» шаруа баққан жандарға «мені ұмытып, бөріктеріңді ерте лақтырмаңдар» дегені болар. Қатты жел тұрып, қар аралас жаңбыр жауды. Ауыл адамдары табиғаттың мұндай тосын мінезіне үйреніп болды ғой. Сонда да алаңдағандарын жасыра алмайды.
– Күннің бұлайша тосын мінез танытқанына үрпиісіп қалдық. Жекеменшіктің малы, әркім өзінше амалдар десек те, елдің ортақ игілігі ғой. Алыстағы малшы ағайындарға хабарласып, жағдайларын біліп отырдық. Шүкір, қыстан аман шығып, қол-аяғымызды жинап жатырмыз деуге болады. Қыс ерте түсті, көктем де созбайлаңқырап келді. Наурыздағы боранда да ел етек-жеңін бір жинады. Мал төлдету науқаны ойдағыдай өтіп жатыр, – дейді Қаракеңгір селолық округінің әкімі Жалғас Төре.
– Округте 3 823 ірі қара, 7 750 ұсақ мал бар. Биыл 3 000 бұзау, 6 200 қозы алу – жоспарда. Шаруа қожалықтарындағы ұтымды істің арқасында бұл межеден көріну мүмкіндігі бар.
Бұл ауылда «Бекетай-баба» мен «Жарасбаев Д» шаруа қожалықтары – ұсақ малы көп шаруашылықтар қатарында. Оларда көктемгі төл алу науқаны үлкен дайындықпен басталып, ойдағыдай өтуде.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ
ҚАРАКЕҢГІР ауылы.