Майдангерлер рухына – ұрпақ құрметі
Ұлт ұясы – Ұлытауда Ұлы Жеңістің 78 жылдығына арналған іс-шаралар легі «Таңбалы тас» саябағындағы «Даңқ» мемориалдық кешені іргесінде ұйымдастырылған соғыс құрбандарын еске алу жиынынан бастау алды. Мəңгілік алау жанына жиналған қауымның алдын аудан əкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Əлімбек ЖАНДАРБЕКОВ, аудандық мəслихаттың төрағасы Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ, аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы Еркебұлан МҰСТАҒҰЛОВ бастап, майдангерлер құрметіне орнатылған ескерткіш тақта алдына гүл шоқтарын қойды. Тағзым етуші жұртшылық одан кейін боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алып, ауданның бас имамы Жанболат РАҚЫМБЕРДИЕВ жауынгер буын рухына дұға бағыштады.
Мемориалдық кешендегі шара соңы, орталық алаңда қайта жалғасып, Жеңіс күніне аудан əкімі Аманжол Мырзабеков өз лебізін білдірді. Аудан басшысы сұрапыл соғыста жанқиярлықпен көзсіз ерлік көрсеткен жауынгерлердің есімдері ешқашан ұмытылмайтындығын айтып, аға буынның теңдессіз ерліктері ел жадында мəңгі сақталатынын тілге тиек етті. Олардың оқ пен оттың астында өткізген ерліктерін, даңқты жолын өскелең ұрпаққа дəріптеу – қастерлі парыз екендігін атап өтті. Сөз соңында Аманжол Батырбекұлы ауданның бірқатар азаматтарын түрлі марапаттармен марапаттады. Марапатталғандардың қатарында аудан əкімінің орынбасары, аудандық полиция бөлімінің полицейлері болды. Əуелі аудан əкімі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің №333 бұйрығына сəйкес, ІІ дəрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалін полиция аға лейтенанты Рауан Мұқышевтің омырауына тақты. Осы мəтінде ІІІ дəрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарын полиция майоры Қанат Жарасбаевқа, полиция капитаны Мейірбек Жақанға, полиция капитаны Қайрат Жəкеновке табыс етті.
Солармен бірге 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай, Қарулы Күштердің нығаюына жəне қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқаны үшін облыстық Қорғаныс істері департаменті бастығының Құрмет грамотасымен – Ұлытау ауданының əскерге шақыру комиссиясының төрағасы, аудан əкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек пен аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Руслан Ділмұхамедов марапатталды.
Марапаттау рəсімінен кейін ашық аспан астында орналасқан келісті сахна төрінде концерттік бағдарламаға кезек берілді. Сахнада тақырыптық мазмұндағы патриоттық əндер мен Жеңіс əуендері шырқалды. Мерекелік бағдарлама аясында спорттық ойындар да ойнатылды. Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне лайықты марапаттар тапсырылды.
Тағылымды іс-шара батыр бабаларымыздың рухы мен тыл еңбеккерлеріне көрсетілген құрмет аясында «ұрпақ сабақтастығына» делінген ұғымның мəңгілік екендігін, уақыт ағысымен жоғалып кетпейтіндігін көрсетіп, оның өміршеңдігін айғақтап берді.
Қайрат ЖҰМАБАЙ