Майданда да, тылда да ерлік көрсетті
1941-1945 жылдардағы соғыс адамзат тарихындағы ең бір ғаламат қанқұйлы соғыс болды. Әлем халқы бұл соғысты екінші дүниежүзілік соғыс деп таныса, ал бұрынғы КСРО, қазіргі ТМД халқы «Ұлы Отан соғысы» деп атады. Соғыстағы жеңістің де маңызы ерекше. Бүгінгі күні оны Ұлы Жеңіс деп ұлықтауымыз да сондықтан. Биыл Ұлы Жеңістің 77-ші көктемі. 9 мамыр – Жеңіс күні, Отан үшін, халқымыз үшін ең қадірлі, ең қастерлі мереке. Дәл осы күні аға ұрпақ сұрапыл соғыстың отты жылдарында өшпес ерлік көрсетті. Жеңіс туын желбіретті. Кейінгі толқын олардың жанқиярлық пен қаһармандық ерлігіне тағзым етуді әрдайым ұмытпауға тиіс. Өйткені, тарих бетіне Ұлы Жеңіс өшпес ізін қалдырды.
Халқымыздың елдік болмысы мен ерлік қасиеті сынға түскен қасап қырғында талай майдангер ерлік көрсетті. Соның бірі Қыпшақбай Құлахметов еді.
Ол балалықтың балдәуренін басынан кешпеген буын. Есі кірген ойын баласы шағында тағдыр тауқыметін тартып, қасіретті күндерді басынан кешірді. 1932 жылы Атбасар қоймасын күзеткен анасы Бөпежан қаскөй жауыздардың қолынан қаза табады. Анасынан ерте айырылған бала бейнетке жегіліп, бұғанасы қатпай еңбекке араласады. Тағдырдың сынына сеңдей соғылып, қиыншылықты басынан өткерген кездері көп болған. Бұдан кейінгі өмірі Атбасар қаласындағы балалар үйінде өтеді. Әкесі Қаспақбай соғыс басталысымен қан майданға аттанады. Осындай жағдайға тап болған Қыпшақбайды әкесінің ағасы Сауқым бауырына басып, Атбасардан Шеңберге әкеледі. Бұл уақытта оның әкесі Қаспақбай майдан даласында қаза тапқан еді. Бірақ жасынан өжет Қыпекең қайғы-мұңға толы күндерді басынан өткерсе де оған мойымайды. Білім алады. Алға ұмтылады. Он сегіз жасында өзі тіленіп сұрапыл соғысқа аттанады. Бұл 1943 жылдың көктемі еді. Әуелі қысқа мерзімді оқу жаттығуынан өтіп, содан кейін 314-ші атқыштар дивизиясының құрамына кіреді. Іле-шала қияң-кескі шайқаста неміс басқыншыларымен бетпе-бет айқасқа түседі. Қанды-қасапты өз көзімен көреді. Ленинград үшін болған үлкен шайқастардың бел ортасында жүріп, талай мәрте ажалмен бетпе-бет келеді. Ленинград түбіндегі шайқаспен Украина жерін азат ету жорығындағы көрсеткен ерлігі үшін «Ленинградты азат ету», «Ерлік үшін» медальдары, ІІІ дәрежелі «Даңқ» және І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен марапатталады. Сол шайқаста денесінің екі тұсынан жараланып, елге оралады. Бұл – 1944 жылдың қысы еді. Өз туған ауылына келісімен ел экономикасын көтеру жолында еңбекке араласады. Елдегі жұпыны тұрмыс, құлазыған шаруашылықты алға сүйрейді. Алдымен колхозда, кейін Қорғасын ауылдық кеңесінде ұзақ жыл қызмет атқарды. Мәпруза анамызбен отбасын құрып, 7 бала тәрбиелеп, өсірді. Ұл-қыздарын жүрегінің жылуына орап өсірген аяулы әке Қыпекең еді. Кейін балалары да әке сенімінен шықты. Ел алдында абыройлы, жалпы қоғамда лайықты құрметке ие болды. Ұлы Берік Ауған соғысының қанқұйлы кезеңін басынан өткерген жігерлі азамат. «Ерлік үшін» медальдің иегері. Пәкістанға таяу жерде бекінген дұшпандарға қарсы соғысып, ерлігімен көзге түскен жауынгер. Полктегі тақтаға таңдаулы жауынгерлердің бірі ретінде есімі жазылып қалған.
Қыпекеңнің кіндігінен өнген ұрпақтары қазір бір қауым ел десе де болады. Ал, Қыпшақбай Қаспақбайұлының сол соғыста алған жарақаты уақыт өте келе сыр беріп, 1997 жылы бақиға озды. Бүгінгі күні Қыпекеңнен қалған жалғыз белгі Қорғасын тауының етегіндегі сыңғырлап аққан бұлақ зәулім бәйтерек. Өзеннің арғы бетінен қарағанда ол кісінің үйінің орны әлі де менмұндалап көрінеді. Сол үй маңындағы терек саясында Қыпекең салалы саусағымен қайратты шашын қайырып, ұзақ әңгіме бастаушы еді. Әңгімесі керемет әсерлі болатын. Тыңдап отырып, күлкіге кенелетінбіз. Ол кісі жанынан әңгіме құрастыруға шебер еді. Негізі атбегі, аңшы, саятшы болған кісі. Әңгімесінің көбі сол тақырыпта қозғалатын. Бірде әңгімесін былай бастады: «Қабылда екеуіміз аңға шығып, қанжығамыз майланған шағымыз еді. Ауылға қарай беттей бергенімізде жусап жатқан киікке тап болдық. Атайын десек оқ таусылған. Бірақ қызығып тұрмыз. Неде болса атып көрейін деп тобылғының сабағын бәкімен кесіп-уатып, бытыра орнына сала бастадым. Сөйтіп, киіктерге қарай мылтығымды ке зеп, ата жөнелдім. Атқан оғым мүлт кетпей, киіктердің дәл басынан тиіп жатты. Бір кезде киіктер басын бір шұлғыды да жан-жаққа қаша жөнелді. Одан кейін келесі жылы Омар сайына қарай барып дүрбі салып тұрсам, мүйіздің орнына тобылғы өскен киікке тап болдым. Сөйтсем, өзімнің былтырғы тобылғымен атқан киіктерім екен» дегенде ішек-сілеміз қатып, күлкіге қарқ болатынбыз. Өзі сәл жымиып әңгімесін одан әрмен сабақтай жөнелетін. «Бірде Адырбайға қарай бөкен желісті Құланторымен желе жортып келе жатқан бетім еді. Ойламаған жерден қып-қызыл әдемі түлкіге кезіктім. Дереу мылтығымды оқтап, атып үлгердім. Бірақ, түлкі құйрығын бұлғаң еткізді де жүре берді. Мен де қалыспай, қайта-қайта оқ жаудырумен болдым. Түлкім міз бақпайды, не құламайды. Бар болғаны құйрығын бұлғаң еткізіп, сәл ғана жылжығандай болды. Әрі-бері ойлана бастап ат басын ауылға қарай бұрдым. Мұндағы ойым құмай тазымды түлкіге қосу еді. Ауылға келе сала тазымды ертіп, манағы түлкі тұрған жерге келсем ол әлі сол орнында тұр екен. Алғыр тазым түлкіні көре сала тұра ұмтылып, екі бүктеп тастады. Түлкіні аударып қарасам жансыз екен. Қанжығама байлайын десем зілдей ауыр. Бұл не деген ауыр деп қозғалтып қалғанымда атқан оғымның бәрі түлкінің құйрығына жабысып қалыпты» дегенде қыран-топан күлкіге кенелетінбіз.
Қыпекеңнің ақындық қабілеті де бар еді. Өлеңдерінің басым көпшілігі соғыс тақырыбына арналған. Соның бірі «Соғыс жолында» өлеңі.
Заман жайы қиыншылық бұл шақта
Көңілдері азаматтың ел жақта
Құлақ салып тыңдасаңыз жамағат
Талап еттім, аз ғана сөз жазбаққа.
Елім қалды есепсіз көп алыста
Тіл мен жағым сөйлер сөзден жалықпа.
Отан қорғау қызметін атқарып
Жүрген шақта жазған хатым алыста.
Мен «Қыпшақбай» шын атымды сұрасаң
Сара сөзден өлең болар құрасаң
Төрт сағаттық түн ұйқымның орнына
Көп іркілмей жазған хатым орасан, деп жазған өлеңі елге деген сағынышы, жүрек лүпілі, ой толғанысы еді.
Уақыт неткен жүйрік. Өмірдің дауылы мен жауынына да, сұрпалы соғыстың салқыны мен ызғарына да төтеп берген Қыпекең қазір арамызда жоқ. Тек қана оның жарқын бейнесі мен әсерлі әңгімесі менің ғана емес, жұрттың жүрегінде мәңгі қалды.
Қайрат ЖҰМАБАЙ