МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР САРАЛАНДЫ

Ұлытау облысы әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Кеңесте қауіпсіз еңбек жағдайларын және еңбек саласын цифрландыру жөніндегі шаралар, дін істері саласындағы атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарлар, «Көкмайса» этнофестивалін өткізу мәселелері қаралды.

Өңір басшысы кей ірі кәсіпорындардағы жұмыскерлердің кейбір іс-әрекеті тұтас облыстың экономикасына кері әсерін тигізетінін, әрі тұрғындар арасында әлеуметтік наразылық тудыратынын атап өтіп, ондай қызметкерлермен түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Бұл ретте Мемлекеттік еңбек инспекция комитеті Ұлытау бойынша департаментінің басшысына қала-аудан әкімдерімен бірлесіп 10 күн ішінде жұмыс тобын құру міндетін жүктеді.

Сондай-ақ жиында өңір басшысы облыстағы тіркеуден өтпеген мешіттердің жұмысын заңға сәйкестендіру қажеттігін атап өтті. Оған қоса Жезқазғанда «Қазақмыс» корпорациясының демеушілігімен бой көтеретін діни ғимараттың құрылысына еш кедергі болмауы тиіс екендігін ескертті.

Облыс әкімі аппарат жиынында «Көкмайса» этнофестивалінің ұлттық құндылықтарымызды насихаттаудан бөлек, туризмді дамытуға да тигізетін ықпалы зор екенін атап өтті. Бұл тұрғыда өңір басшысы іс-шараға ірі кәсіп иелерін шақырып, насихат жұмыстарын күшейтуді, туристер мен қонақтарға арналған жатын орындар қарастыруды тапсырды. Облыс әкімінің айтуынша, фестиваль алаңында кәсіпкерлік те жоғары деңгейде көрініс беруі тиіс.

«Ауқымды фестиваль жоғары деңгейде өтуі керек. Жарықпен, транспортпен мәселе туындамауы қажет. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тасымал ісін қолға алсын. Баса назар аударуымыз қажет дүние – әлбетте қауіпсіздік. Жол және өрт қауіпсіздігі бойынша тиісті шаралар қазірден қабылдануын тапсырамын. Сондай-ақ жедел-жәрдем көліктері міндетті түрде болуы қажет», – деді өңір басшысы өз сөзінде.