Маңызды мәселелер қаралды
Дүйсенбі күні Ұлытау аудандық мәслихатының хатшысы Аманжол МЫРЗАБЕКОВТЫҢ төрағалығымен аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтіп, талқыдан өткен, өңірдің одан әрі дамуы үшін аса маңызды мәселелер аудандық мәслихаттың кезекті V сессиясының күн тәртібіне шығарылды. Депутаттардың басты жиынына аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ, облыстық тексеру комиссиясының мүшесі Аян ТАХАНОВ және облыстық денсаулық сақтау басқармасы Жезқазған аймақтық өкілдігінің басшысы Ләззат РАНОВА қатысты.
Алғашқы кезекте аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Тасболат Шайхин «2020 жылға арналған ауданның және кенттер мен ауылдық округтер бюджеттерінің орындалысы туралы есептерді бекіту туралы» мәселе бойынша хабарлама жасады. Бұдан кейін мандат иелері Тасболат Зайырұлының «Ұлытау ауданының 2016-2021 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасының нысаналы индикаторының 2020 жылға орындалысы туралы» хабарламасына құлақ түрді. Осы мәселеге қатысты Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Аян Таханов қосалқы негізде сараптамалық мазмұнда хабарлама жасады.
Күн тәртібіндегі үшінші сауал да салмақтылығы және уақыт талабымен үндес түсуімен ерекшеленді. Нақтылай түссек, «Ұлытау ауданы бойынша «Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы» мәселеге депутаттардың аса қызығушылық танытты. Бұл сауал бойынша хабарламаны Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы Жезқазған аймақтық өкілдігінің басшысы Ләззат Ранова хабарлама жасады. Ләззат Нәбиқызы депутаттар тарапынан туындаған біршама сұрақтарға орнықты әрі дәйектелген негіздегі жауаптар қайтарды.
Одан әрі талқылаулар «Ұлытау аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары, жолаушылар көлігі және тұрғын үй инспекциясы» мемлекеттік мекемесінің 2020 жылы атқарған жұмыстары туралы», «Ұлытау аудандық мәслихатының 2020 жылғы 30 желтоқсандағы XLVIII сессиясының №414 «2021-2023 жылдарға арналған аудан бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Аудандағы діни және саяси ахуал бойынша атқарылған жұмыстар туралы» тақырыптар аясында өрбіді. Бұларға қатысты хабарламаларды тиісті мемлекеттік құрылымдардың басшылары жасап, мандат иегерлерінің сауалдарына жауап берді.
Депутаттар корпусы «Ұлытау аудандық мәслихатының 2019 жылғы 25 қарашадағы «Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі аудандық комиссиясын құру туралы» №329 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» аудан әкімінің орынбасары Мақсұт Оспановтың хабарламасын толық мақұлдап, келісім берді. Бұл туралы тиісті шешім қабылданды.
«Ұлытау ауданы әкімдігі жанынан құрылған консультациялық-кеңесші органның 2020 жылы атқарған жұмыстары туралы» аудан әкімінің орынбасары, аталған органның төрағасы Бағдат Байжантаев есеп берді.
Бұдан соң Ұлытау аудандық мәслихатының депутаты Бекзат Жанкелдінің мемлекеттік қызметке ауысуына байланысты өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Ұлытау аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Мақсұт Ахметовтің хабарламасы тыңдалып, мақұлданды.
Қаралған барлық мәселелер бойынша тиянақты тұжырымдар жасалып, тиісті шешімдер шығарылды.
Жиын түйінінде аудан әкімі Советбек Медебаев өзекті сауалдарды тыңғылықты талқылап, ортақ мүдделі шешімдер қабылдауға ынталылық танытқаны үшін депутаттар корпусына ризашылығын білдірді. Ол сондай-ақ, қолайлы сәтті оңтайлы пайдалана отырып, аудан аумағында атқарылған және жүргізілуі жоспарға енгізілген жұмыстар хақында әңгімеледі. Түйткілді сауалдардың түйінін тарқату бағытында ауданның атқарушы билігі тарапынан жасалған қадамдарға сипаттама берді. Мандат иелерін алдағы уақытта да бірлесе әрекет етіп, нақты нәтижелерге қол жеткізу мақсатында тізе қосуға үндеді.
Советбек Тұрсынұлы, сонымен қатар, ауылдар мен кенттер әкімдерінің сайлауын ұтымды ұйымдастыруға, дала өрттерін сөндіру барысында жасалған шараларға қысқаша шолу жасады.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ